«Сақалды» құрылыстар бақылауға алынды

Елімізде мерзімі өтіп кеткен «Сақалды» құрылыс нысандары көп.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүргізген тексеріс барысында ел аумағында осындай 156 нысанды анықтады. Кезінде бұл нысандардың құрылысына мемлекет қазынасынан екі жарым триллион теңгеге жуық қаржы бөлінген еді. Мәселен Бірнеше жылдан бері тоқырап тұрған Алматы облысындағы Шонжы ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Жамбыл ауылындағы мәдениет үйінің құрылысына 2.3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген болатын.

Болат Жармақов, Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті басшысы:

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының тапсырмасына сәйкес Алматы облысында құрылыс тоқтап қалған нысандарға анализ жасалды. Нәтижесінде департамент пен өңірдегі 2 құрылыс нысаны қадағалауға алынып, жемқорлық тәуекелі бар картаға енгізілді. Бұл әлеуметтік нысан болғандықтан, құрылыс жұмыстары мен бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына мониторинг жүргізіліп, қашықтықтан бақыланып отырады.