Мәскеуде Қаңтар оқиғасы туралы фильм көрсетілді
Мәскеуде «Қаңтар. Мемлекеттік төңкеріс әрекеті. Оқиға қалай өрбіді?» деректі фильмінің көрсетілімі болды, деп хабарлайды 24KZ.
Туынды Қаңтар оқиғасының 2 жылдығына орай түсірілген. Таспада деректер, құжаттар, фото және бейне куәліктер көрсетіліп, сол күндердегі оқиғалар тізбегі баяндалған. Барлық материалдарды қолдану арқылы фильм авторлары Қаңтар оқиғасын толық бейнелеп шықты. Туындының таныстырылымы алдында сөз сөйлеген Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев: «Қаңтар – еліміздегі маңызды өзгерістердің катализаторы. Сол себепті бұл оқиғаларды объективті әрі бейтарап түрде қабылдау үлкен маңызға ие», - деді.
Іс-шараға Ресейдің Президент Әкімшілігі, Сыртқы істер министрлігі өкілдері, ғалымдар, сарапшылар және журналистер қатысты. Олардың пікірінше, фильмді көргеннен соң, сол кезде Қазақстанның қандай қауіп алдында тұрғанын, егер ел басшылығы нақты шаралар қабылдамағанда қайғылы оқиғаның ауқымы қандай боларын бағамдай беруге болады.
Игорь Филькевич, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі:
- Деректі фильм басқа елдердің Қазақстанда қаңтар айында болған оқиғамен құжат түрінде ғана таныс болмай, мән-жайды түгел ұғынуы үшін өте маңызды. Дәл осы кезеңде Қазақстанда биліктің өзгеру қаупі туды, сол себепті бұл жағдайды сынға толы кезең деуге болады. Маңыздысы сол, қазақстанның құқық қорғау органдары тәртіп орната білді.
Вячеслав Иванов, экономика жоғары мектебінің сарапшысы:
- Біз бұл фильмді кәдімгідей күттік. Қаңтар оқиғасы жайлы білеміз, тіпті 2 жыл бұрын сол сәтті тікелей эфир арқылы көрдік. Бұл – тұтас мемлекет үшін үлкен трагедия. Тіпті Орталық Азия аймағы үшін де қиын жағдай деуге болады. Ресей де барлық ынтымақтас әрі көршілес елдер секілді жанашырлық таныта білді.