Қызылорда қаласында 51 көпқабатты үй апатты деп танылды
Жарты ғасыр бұрын панель-бетон құрылыс жабдықтарымен салынған үйлерде алты жүзден астам отбасы тұрады.
Қаладағы апатты үйлердің 22-сі Тасбөгет кентінде орналасқан. Өткен ғасырдың орта шенінде салынған қосқабатты үйде 42 жылдан бері тұратын Ырыскүл Жұмағалиева жертөленің бір құрғамағанын айтады. Паналап барар жеріміз болмағасын кәріз жүйесі істен шығып, шатыры шытынап тұрған үйде жанымызды шүберекке түйіп отырамыз дейді зейнеткер. Әсіресе жел тұрып, дауыл соқса тұрғындардан маза қашып, бойларын үрей билейді екен.
Ырыскүл Жұмағалиева, Тасбөгет кентінің тұрғыны:
- Жазда масасы мен су сасып жатыр. Үйімізге кіреді, еденге тіреліп тұр. Төбедегі шатыр сынып тұр. Дым көмек жоқ. Жекешелеп алғанымыздың не керегі бар КСК-дан да көмек жоқ. Тек ақшасын алғанды ғана біледі. Сносқа кетіп тұрмыз, бірақ үй жоқ.
Сейсенкүл Құрманбекова, Тасбөгет кентінің тұрғыны:
- Су дұрыс емес, үстімізден су ағады. Сносқа кетіп тұр деді, бірақ әлі құжат дайындаған жоқпыз. Терезелердің бәрінен жел улеп тұрады. Суықта тұтып қойып отырдық. Жаман жел болды. Үй жылымайды, балам кішкентай айлық. Үй суық, тезірек үй берсе. Бәріміз жайлы, жаңа үйге барғымыз келеді.
Міне осындай шұрқ тесік, қырық жамау үйлерде қала бойынша 630 отбасы тұрмыс кешіп келеді.
Қамбар Бекенов, тілші:
- Жалғыз баспанасы авариялық деп танылған азаматтарға 2021-жылы 93, 2022-жылы 60, ал өткен жылы 40 жаңа пәтердің кілті табысталған болатын. Жергілікті билік биыл тағы да жүзден астам отбасы жаңа үйлерге қоныстанады деп отыр.
Серік Қожаниязов, қала әкімі:
- Биылғы жоспарымыз 100-150 пәтер салсақ дейміз. Сонымен 51 үй ол жыл сайын өзгеріп тұрады. Соны біз алдағы 3-4 жыл, әрі кетсе 5 жыл шамасында қалпына келтіріп, орнына бүгінгі заманға сай үйлер салып береміз деген жоспарымыз бар.
Апатты үйлерден бөлек облыс орталығында қаңқасы берік, бірақ қас-беті мен ауызсу, кәріз жүйелері ескірген 27 тұрғын үй бар. Қала әкімдігі соның 19-ын кәсіпкерлер көмегімен жөндеп беруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар техникалық паспорты жоқ үйлердің құжаттарын рәсімдеу жеделдетілмек. Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев