Ақтөбеліктерге бірыңғай уақыт белдеуіне өтудің тиімділігі түсіндірілді
Елімізде 1 наурыздан бастап бірыңғай уақыт белдеуі енгізіледі, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл адам денсаулығына оң әсерін тигізеді. Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері осыған қатысты өңірлерде түсіндіру жұмыстарын бастады.
Бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге бір айдан астам уақыт қалды. Ғалымдар мен сарапшылар былтырдан бері бұл мәселені зерделеп, талқыға салғаннан кейін еліміздің өзге өңіріндегі сағат тілін батыс аймақпен сәйкестендіру жөн деген шешім қабылдаған. Ортақ уақыт белдеуін бекіту көптеген саланың қызметін бір мезгілге үйлестіруге мүмкіндік береді. Әсіресе мемлекеттік мекемелер мен қаржы институттарының жұмысында кестелік келеңсіздіктен арылуға болады.
Қуаныш Елікбаев, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің комитет төрағасы:
- Ортақ сағат белдеуі теміржол мен әуе қатынасы, бизнес, банктердің жұмысын реттейді. Қазір тіпті мемлекеттік басқару жүйесінде де келеңсіздіктер болып тұрады. Мысалы, Астана уақытымен таңғы 9-да батыс өңірдегі әріптестерімізге хабарласқанда мұнда әлі жұмыс уақыты басталған жоқ деп жатады. Кейбір кезде таңғы жиындарға уақытынан бұрын кеп отыруға тура келеді.
Қазақстанның басым бөлігінде уақытты бір сағатқа кейін қою адам денсаулығына пайдалы, - дейді ғалымдар. Себебі батыс өңірлерде бекітілген стандарт адамның биологиялық санағымен сай келеді. UTC+6 белдеуіндегі тұрғындарға ұйқыдан бір сағат ерте оянуға мәжбүр. Бұл жағдай күнделікті қайталанса, ағзаға теріс әсер етеді.
Әмір Қуат, ғалым, биотехнолог:
- Ұйқы деген – ол өте маңызды процесс. Неге? Өйткені адамның ағзасындағы регенеративті процестер дәл сол кезде өтеді. Жамайтынын жамап, жасайтынын жасап дегендей. Керек жерлерін толтырып, дәл сол процестер. Адамдардың түн ұйқысы табиғи уақытпен сай келмегендіктен, психо-эмоционалдық тұрғысына тікелей әсері бар.
Техникалық реттеу және метрология комитеті бұл мәселеге қатысты тұрғындармен алғашқы кездесуді Ақтөбеде өткізіп отыр. Жергілікті мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділеріне бірыңғай уақыт белдеуіне өтудің тиімді тұстарын түсіндіреді. Мұндай басқосу еліміздің өзге де аймақтарында өтеді.
Авторлары: Мансур Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов.