Елімізде жылына 12 мың адам аты-жөнін өзгертеді
Статистикаға сүйенсек, кейінгі үш жылдағы орташа есеп осындай.
Демек айына шамамен мың азамат құжатындағы жеке мәліметтерді түзетеді. Мәселен көбі тегі мен әкесінің атындағы жалғауларды өзгертіп немесе алып тастаса, кейбірі тіпті атын ауыстырады екен.
Виктория Майер қазір Жанель Ілияс. 13 жасында аты-жөнін өзгертті. 16-ға толғанда төлқұжатындағы «әкесінің аты», «ұлты» деген бағандарға түзету енгізді. Қалауы солай еді: өскен ортасына сай, жанына жақын қазақы есімді алу – отбасымен бірге қабылдаған саналы шешімі екенін айтты.
Жанель Ильяс, қала тұрғыны:
- Анам екеуміз бір ат таңдадық, аға-жеңгем екінші ат таңдады сосын шештік осы екі аттың қайсысы маған жарасады. Кейін АҚАЖ-ға бардық. Бірінші кездері отбасымызда кішкене қиындау болған шығар жарты жылдан кейін достарым да отбасым да бәрі үйреніп қалды жаңа атыма. Қазір енді ескі таныстарымды көрсем "Вика, Виктория" деп айтса мен кішкене шошып қалам. Маған негізі өте жағады, ұнайды Жанель деп айтқанда.
Ресми құжаттағы мәліметтерді түзетуге заң рұқсат етеді. Ол Отбасы және неке туралы кодекс, Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қағидалармен реттеледі.
Талғат Уәли, ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі:
- Қазіргі таңда балаға есім қою ол ата-анасының келісімімен және қалауымен жасалады. Он жасқа дейінгі баланың аты-жөнін өзгертуге ата-анасы шешім қабылдайды, он жасқа толған кезде баланың пікірін сұрайды. Баланың сана сезімі қалыптасып қалады ғой. Сол кезде баланың келісімі арқылы жасалады. Ал 16 жасқа келген кезде бала өз еркімен аты-жөніне қандай да бір өзгерістер енгізе алады.
Заңгерлер «егер есіміңіз өзіңізге ыңғайсыз немесе құлаққа оғаш естілсе - өзгертуге хақыңыз бар», - дейді. Алайда, ат қояр кезде бейәдеп сөз қолданудан аулақ болған жөн. Ішкі істер органдары жеке куәлікті беруден бас тартуға да құқылы.
Талғат Уәли, ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі:
- Бірақ аты-жөніндегі өзгерістер мысалы мен Руслан болсам мен Марат боламын деп өзгерте салуға болмайды. Мысалы кейбір жағдайларда болады отбасында құжат бойынша баланың аты басқа, бірақ отбасы мүшелері басқадай да атайды. Ондай жағдайда да адам қай есімі көбірек айтылады, қай есімі көбірек ұнайды сол бойынша жақындарының хаты арқылы, келісімі, растауы арқылы атын ауыстыруға болады. Сондай-ақ, әріптестерінің, ұжымның арасында, қоғамда аты басқадай болатын болса, заңға сәйкес атын өзгертуге құқығы бар. Атты өзгертуге 1 рет, 2, 3 рет деген шектеу жоқ. Егерде заңда көрсетілген баптармен өзгертетін болса, шектеу жоқ.
Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Ономастика бөлімі азаматтардың өтініштерін талдайды. Мамандар қолайлы шешім қабылдауға көмектеседі.
Қыздархан Рысберген, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері:
- Бізге келетін өтініштердің сұраныстардың негізгі реті, мысалы, ұлдар. Ортақ аттар қыздарға, ұлдарға бар ғой мысалы Жанат, Самал, Ақниет, Айдара деген. Ақниет Мырзабекұлы деген жігіт келді ол Әлихан деп өзгертті. Жанат Әли деп өзгерді. Сосын Данағұл деген жігіт бар екен. Оны орысша жазғанда Данагул болған Данагүл сияқты, жұрт шатасады, мазақтайды, келемеждейді Данагүл деп. Мектеп жасындағы балаларға мысалы қолайсыздық туғызады психологиялық тұрғыдан. Сөйтіп Данияр деп өзгертіп алған.
Біздің кейіпкеріміз Жанель секілді аты-жөнін өзгерткендерден басқа, есімі немесе тегінің жазылуында кеткен қатені түзеу, «-ович», «-овна»-ның орнына «-ұлы», «-қызы» деп жалғау қосу, «-ов», «-ев» тіркемелерін алып тастау үрдісі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басталған. Бүгінде 7 млн-нан астам азамат құжатына осы сипаттағы өзгеріс енгізді.
Қыздархан Рысберген, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері:
- Бірақ тегінде азаматтарымыздың сана сезімі, ұлттық санасы оянып, млн-даған жаңа туған балаларға -ов, -ев-ті алып тастап, атасының атын беріп, одан кейін өзінің ұлы, қызы деп әкесінің есімін беруге болады. Мысалы Бауыржан Момышұлы деген үлгі бойынша. Шерхан Мұртаза, Әлкей Марғұлан деген сияқты нөлдік форма дейді осылай да беруге болады. Өзіміздің ұлттық үдерісті сақтаған дұрыс. Ұлттық дәстүрімізді, нақышты. Әлемнің кез келген елінде сенің қазақ екенің танылып тұру керек.
Кезінде «Мөлдір» есімі ресми құжаттарда 13 түрлі нұсқада қолданылып жүргенін естідік. Бұл транслитерациялау кезінде жол берілген бұрмалаушылық. Десе де, төлқұжаттағы есімді өзгертуге, қатені түзетуге дәйекті себеп болса – тартынудың қажеті жоқ дейді мамандар. Оның үстіне, рәсімдердің онлайн түрде қолжетімділігі біраз істі жеңілдетіп отыр.
Авторлары: Рухани Асқар, Наурызбай Құрманғазы