Елордадағы «Кирпичный» алабы орталықтанған кәріз жүйесіне қосыла алмай келеді
Елорданың оң жағалауындағы «Кирпичный» алабының тұрғындары
жылдар бойы орталықтанған кәріз жүйесіне қосыла алмай әлек. Жұрт ауыз суға да жарымай отыр.
Тұрғындардың айтуынша, олар бас қалада тұрса да өркениет көшінен қалып отыр.
Валентина Станкевич зейнеткер. 9 жылдан бері отбасымен бірге 15 шаршы метр үйде тұрады. Бірақ үйі орталықтанған су құбырына да, жылуға да, тіпті кәріз жүйесіне де қосылмаған. Амал жоқтығынан, зейнеткер бәріне шығындалуға тура келеді, дейді.
Валентина Станкевич, қала тұрғыны:
- Бізде кәріз жүйесі жоқ. Септик толып кетсе, өз қалтамыздан шығындаламыз. Қалтаға салмақ салмсын деп, көршілерімізбен бір дәретхана салып, бірге ауыстырамыз деп ақылдастық. Астанада тұрамыз деп айтудың өзі ұят. Мәселені қанша көтерсек те, шешілер түрі жоқ.
Ал су мәселесін әркім қолдан келгенше өзі шешеді. Станкевичтер көршілерінен сұраса, көршілері құдықтан алады. Ал енді бірі өз қаржысына үйіне су құбырын тартуға мәжбүр.
Александр Иванов, қала тұрғыны:
- Әлі күнге дейін су құбырымыз мемлекет балансына өткен жоқ. 1970 жылдары оны жергілікті тұрғындардың бірі өз қаржысына салған. Ақау шықса болды, өзіміз жөндейміз. Бірақ соның өзінде, айналып келгенде суға ақшаны бізден алады. Ал құбырды көше бойынша тартпайды. Үйдегі қысым аз. Әкімдіктен сұрап бақтық, келіп көрген де жоқ.
«Кирпичный» тұрғын үй алабында 360 жер үй мен 5 көп қабатты тұрғын үй бар. Ондағы тұрғындар саны 5 жарым мыңнан асады. Ал кәріз жүйесі мен су мәселесі 3/1 қиындық тудырады. Байқоңыр ауданы әкімдігі мәселені алдағы 2 жылда шешеміз, жоба бар, жұмысты бастаймыз деп сендірді.
Досхан Тұяқбаев, Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары:
- Жобалау жұмыстары енді бітті. Конкурс міне енді жаласады. Көктемнің енді мамыр айында ма, сәуір айында бастап кетеміз деп ойлап отырмыз.
Көпті алаңдатқан тағы бір мәселе – мектеп. Жауаптылар жаңа мектепті жазға қарай тапсырамыз деп отыр. Ал оған дейін 2,5 мыңға тарта бала шалғайдағы мектеп пен мектепке дейінгі мекемелерге қатынауға мәжбүр.
Досхан Тұяқбаев, Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары:
- Мамыр айында мердігер ұйым толықтай бітіремін деп отыр. Абаттандыру жұмысын бітіремін деп отыр. Қыркүйек айында 600 орындық мектеп ашылып, балалар сонда кіріседі деп ойлап отырмыз.
Соңғы дерек бойынша, тұрғын үй алабындағы 5 үй апатты деп танылған. Әкімдік өкілдері, екеуі биыл, ал қалған үшеуі 2027 жылы сүріледі, дейді. Тиісті өзгерістер жол картасына енгізіліпті. Бірақ алаптағы заңсыз құрылыстар тағдыры сол күйі белгісіз.
Дана Әлиева, Бағдат Қайыркен