Медицина қызметкерлеріне жаңа әлеуметтік кепілдіктер енгізіледі

Медицина қызметкерлеріне жаңа әлеуметтік кепілдіктер енгізіледі
web.telegram.org/k/#@mazhilis_kz

Денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулер аясында 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлеммен «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы белгіленді.

Сондай-ақ «Мамандық бойынша үздік» республикалық байқауы өткізіледі. Оның жеңімпазына 500 АЕК көлеміндегі төлем табысталады. Сондай-ақ ауылға жұмысқа келген медицина қызметкерлеріне бір мезетте 100 ең төменгі жалақы төлеу жоспарланып отыр. 2024 жылы бұл сома 8,5 миллион теңгені құрайды. Ең төменгі жалақының өсуімен төлем мөлшері де өседі. Бұл ережені депутаттар өңірлерге барған сапарында енгізді. Өңірлерге сапар барысында тұрғындар медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі мәселесін көтерген болатын. Осылайша ауылдардағы медициналық кадрлар тапшылығы мәселесін жүйелі шешу қарастырылып отыр. Медицина қызметкерлерінің балалары балабақшаға қабылдауда басымдыққа ие болады. Ал қызметтік міндеттерінің салдарынан қайтыс болған немесе мүгедектігі анықталған медицина қызметкерлерінің балаларын жоғары оқу орындарына конкурссыз қабылдау ұсынылды.

Денсаулық сақтау саласындағы түзетулерге медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізіледі. Ол үшін әрбір медициналық ұйым сақтандыру компаниясымен шарт жасасады. Сақтандыру сыйлықақыларының мөлшері медициналық қызметтерге тарифтердің көтерілуіне байланысты тәуекел дәрежесі мен медицина қызметкерлерінің штаттық деңгейіне байланысты есептелетін болады.

Бұл ретте дауларды сотқа дейін шешу тетігі енгізіледі. Науқас «дәрігер қатесі» салдарынан оның өмірі мен денсаулығына зиян келгенін айтып шағымданғанда шағымды тәуелсіз сараптама комиссиясы қарауды ұсынады. Оның қорытындысы пациентке сақтандыру төлемін жасауға негіз болады. Төлем мөлшері келтірілген зиянның дәрежесіне байланысты болады (қайтыс болған – 3000 АЕК; мүгедектікті белгілеу: бірінші топ – 800 АЕК, екінші топ – 600 АЕК, үшінші топ – 500 АЕК; мүгедек балаға – 500 АЕК; мүгедектік анықталмағанда – 300 АЕК).

Бұл ретте пациенттің Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне немесе сотқа шағымдану құқығы сақталады.

Медицина қызметкерлерін құқықтық қорғау да күшейтіледі.

 

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі