Алматы облысының озат оқушыларына қаржылай сыйақы табыс етілді
Қонаев қаласында өткен Президент шыршасына Алматы облысының түкпір-түкпірінен 180 оқушы қатысты. Олардың арасында оқу озаттары мен түрлі байқау жеңімпаздары, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан жас жеткіншектер, мүгедек, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған өрендер де бар. Балаларды қолдау мақсатында оларға 120 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификат пен жаңа жылдық тәттілер жиынтығы табыс етілді.
Қонаев қаласында ұйымдастырылған Президент шыршасы іс-шарасын өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев құттықтау сөз сөйлеп, ашып берді. «Жас ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр», – деді ол.
Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:
- Осы шыршаға қатысуға жыл бойы көп еңбек істеген, көп жұмыс істеген балалардың бәрін шақырдық. Сіздерге тілейтінім, осы сабақта озат болыңдар. Ойларың іске ассын!
Президент шыршасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, скрипкашы Жәмилә Серкебаева мен күрес түрлерінен әлем чемпионы Жібек Құлымбетова құрметті қонақ ретінде шақырылды.
Өнер жұлдыздарының орындауындағы музыкалық туындылар мен театрландырылған қойылымдар балаларға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Ақерке Мейрам, озат оқушы:
- Ұйымдастырушыларға және де келген кішкентай балаларға үлкен тілегімді тілеймін. Әрқашан көңіл күйлеріңіз болсын және де жүздеріңізден күлкі түспесін!
Кәусар Бақтыбайқызы, озат оқушы:
- Ұлу жылын шығарып салып жатырмыз, жылан жылы бізге жаңадан келді. Бұл жақта өте жақсы көріністер болды.
Жастардың талабын ұштап, спорт пен білім, ғылым, өнер жолында табысқа жетуі үшін дарынды оқушыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету жұмыстары жалғаса береді.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов.