Астана 2035 жылға қарай қалай өзгереді?
2035 жылға қарай Астанадағы халық саны 2,5 миллионға жуықтайды.
Ал тұрғын үй құрылысының көлемін 68 миллион шаршы метрге жеткізу көзделген.
Дегенмен әлеуметтік нысандардың тапшылығы болмайды ма? Ауыз су, жылу мәселесін шешу қалай жоспарланып отыр? Бас жоспарда тағы қандай өзгеріс бар?
Диана Қадыр, тілші:
- Қазір Астана қаласының бас жоспарында болып, түсірілімнен келе жатырмыз. Телеарнаға жеткенше көлік кептелісі біраз уақытымызды алуда. Мамандардан бұл мәселенің шешім сұрадық. Айтуынша, 2035 жылға дейін қала сыртын айналатын екі жол салынып, қолданысқа беріледі. Дегенмен, қос жол кептелісті толық шешеді деуге әзірге ерте.
Бекзат Әділов, Астана қаласы Ғылыми зерттеу жобалар институтының жобаның бас сәулетшісі:
- Астана қаласында бүгінгі күні 1000 шақты шақырым жол болатын болса, 2035 жылға дейін «бас жоспармен» 2500 шақырым жол жобаланған. Қазір екінші айналма жол салынып жатыр. Оның құрылысы бітеді және үшінші Т3 айналма жолы жобаланған. Сонымен қатар көптеген жолдар, кіреберіс магистральдар салынып, ЛРТ біткен соң онымен қоса қоғамдық альтернативтік көліктер көбейген соң кептеліс мәселесі шешіледі деген ойдамыз.
Оң мен сол жағалауды қосатын көпірлердің де саны артады. Қазір 8-і қолданыста болса, келер жылы Кенесары көшесіндегі көпір толық аяқталып, екеуі пайдалануға беріледі. Ал 2035 жылға дейін су жаңа 3 көпір салынса, олардың жалпы саны 13-ке жетеді. Дегенмен, бұл салада 45 жылдан астам тәжірибесі бар маманның айтуынша, елордадағы көлік жүретін көшелер жүйесіз салынған. Оның салдары шаш етектен.
Жандарбек Мәлібеков, сәулетші:
- Мысалы, бізде қыс айлары көп. Қар түседі. Жаңбыр жер бетінде қалқып жүреді. Біздің аяғымыз шалшыққа батып жүреді де көшелеріміз суға толып қалады. Ол шешілетін мәселе. Өйткені архитектурада градостроительствоның заңдылықтарына байланысты өз уақытында вертикальная планировкасына байланысты жобалар жасау керек. Кейбір көшені Астана қаласының көшесі деп айтуға қиын. Өйткені неге ғимарттардың, тұрғын үйлердің орналасу тәртібі дұрыс емес. Қошқарбай, Мұңайтпас көшесі болсын. Ұлы дала жағына қарасаңыз, босаған жерге ғимараттар сала береміз. Бәрі бірдей. Босаған жерге экономика деп, ақшасы барлар құра берген.
Сәулетші сөзінің жаны бар. Себебі 2025 жылға дейінгі бас жоспарды іске асыруға 6 триллион 300 миллиард теңге тартылды. Оның 70 пайызға жуығы, яғни 4 триллионнан астамы теңгесі тұрғын үй құрылысына тиесілі. Ал 700 млрд теңгесі ғана инфрақұрылымдық жобаларға бөлінеді. Елорданың дамуы жайында тұрғындардың пікірін сұрап білдік.
БЛИЦ:
- Астана көркейіп жатыр. Дегенмен, сол мектеп жетпейді.
Аурухана жетпейді. Жол мәселесі бар. И ойнайтын жерлер балаларға. Сол керек.
- Соңғы екі жылда Алматы қаласы секілді болып кеттік. Алматы қаласында қандай пробка бар, дәл сондай пробка біздің астана қаласында болып жатыр. Сондықтан әрине, жолды кішкене кеңейту керек деп ойлаймын.
- Мектеп салынса жақсы ғой. Балалар өте көп, жылдан жылға. Санымыз көбейіп жатыр. Мектеп көбейсе, біз тек қуанамыз.
Халық саны күрт өскендіктен әлеуметтік нысандардың көп болуы маңызды. Сондықтан бас жоспарда 164 мектеп, 178 балабақша және 93 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы қарастырылған. Барлығы жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылады. Дегенмен, бекітілген нысандардың іске келгенде жиі өзгеретіні тағы бар. Одан бөлек, халықтың бірінші қойған сауалы, көшіп келушілер саны артса, былтырғыдай көп қабатты тұрғын үйлерде ауыз су мәселесі туындамайды ма?
Азамат Хамитов, Астана бас жоспарының инженерлік инфрақұрылымдық шеберханасының басшысы:
- Төртінші су сорғы станциясы, өнімділігі 10 мың текше метр, тәулігіне құрайтын жобалану басталуда. Оның су көзі болып, Ертіс, Қарағанды каналы болып табылады. 2035 жылға дейінгі 2 миллион 275 мың халықты сумен қамту үшін бізге 613 мың текше метр су қажет болады.
Су мен жылу - тіршілік көзі. Газ тарту станцияларының қуаты ұлғайтылады. Ұзындығы 71 мың шақырымнан асатын «Сарыарқа» магистральді газ құбырына қосылатын үшінші станция салынады. Осылайша жас қалаға салынған әрбір нысан түрлі мәселелердің алдын алуы бек мүмкін.
Диана Қадыр, Жарқын Өрден