Заңсыз иемденілген 344 мүлік анықталды

Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі ауқымды жұмыс аясында 344 жылжымалы және жылжымайтын мүлік анықталды.

Оның 131-і шетелде орналасқан. 448 млрд теңге болатын құнды қағаздар жайында мәлімет алынды. Сомасы 220 трлн теңгеге банк операциялары, оның ішінде 1,4 трлн теңгенің күмәнді операциялары тексеріліп жатыр. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен арнайы комиссия отырысында осындай деректер жарияланды. Енді бұған дейін реестрге енгізілген кейбір тұлғалар бойынша кінәсін мойындау және заңсыз алынған мүлікті өз еркімен қайтару туралы процессуалдық келісімдер жүргізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ осы тізімдегі жекелеген субъектілердің шығу тегі түсініксіз мүлкін қайтаруды мәжбүрлеу туралы талаптар қойылады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы шешімі – «Әділетті Қазақстанды» құру процесінің жалғасы. 2 жыл ішінде 1 трлн тг жуық активтер қайтарылды. Біздің ортақ міндетіміз заңсыз шығарылған активтердің қайтарылуын қамтамасыз ету және оларды қоғам мен мемлекеттің игілігі үшін пайдалану.

Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасының активтерді қайтару комитетінің төрағасы:

- Комиссиямен бірнеше негізді деген сұрақтар қаралды. Оның ішінде бүгінгі комиссияның шешімімен заңның субъектілер тізімі толықтырылды. Жаңадан тізілімге енгізілген тұлғалар тиісті хабарлама алып, олар бойынша активтерді қайтару жөніндегі комитетпен тексеру және басқа да бақылау шаралары жүргізілетін болады. Оның аясында біз сол тізілімдегі субъектінің активтерінің пайда болу заңдылығын тексереміз.