ШҚО-да 140 дәрігер жетіспейді
Қазір тек облыс орталығының өзіне 44 медицина маманы керек, деп хабарлайды 24KZ.
Ал шалғайдағы ауыл-аймақта бұл мәселе тиімді шешіле бастады. Мысалы, Шемонайха ауданының тұрғындары осыған дейін дәрігер-онкологқа кіру үшін Өскеменге қатынайтын. Енді жергілікті жерде-ақ мамандардан кеңес алып, уақытылы ем қабылдай алады.
Дәрігер-онколог Махаббат Қырықпаеваның Шемонайха ауданында жұмыс істеп жүргеніне 3 ай өтті. Ауыл халқының салалық мамандарға деген мұқтаждығын келе сала байқадым, - дейді. Осы қысқа уақыт аралығында 30 адамнан қатерлі ісіктің бастапқы деңгейі анықталған. Демек осынша науқас ем-шараға дер кезінде кірісті деген сөз.
Махаббат Қырықпаева, дәрігер-онколог:
- Маған өте көп ұсыныс айтылды. Бірақ шалғайда болса да, Шемонайха ауданын таңдадым. Себебі жолдасым – осы жақтың тумасы. Сондықтан осындағы ауыл-аймақ тұрғындарының денсаулығын көтеруге атсалыссақ деген шешімге келдік.
Келіп жатқан жас кадрға қызметтік баспана беріліп жатыр. Мұндай қолдау өзгелерді де ынталандырды. Осылайша, былтыр аудандық аурухана хирург, терапевт, жалпы тәжірибелік дәрігер мамандарымен толықты. Жақында офтальмолог кабинеті де ашылады.
Александр Страканин, Шемонайха аудандық ауруханасының меңгерушісі:
- Ауылға жұмыс істеуге келген жастарға міндетті түрде қолдау көрсетіледі. Дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункте еңбек етем дегендерге баспана беріледі. Биыл 4 қызметкер пәтер алды.
Шемонайха ауданынының әйелдер қауымы гинекологқа қаралу үшін Өскеменге баратын. Былтырдан бастап ары-бері сабылуды қойды.
Дарья Савко, Шемонайха қаласының тұрғыны:
- Акушер гинекологтың жоқтығы жанымызға қатты бататын. Ылғи облыс орталығына бару оңай емес. Қазір, міне, өз дәрігеміз бар. Осы жерден-ақ тиісті ем аламыз.
Дегенмен мұнда маман тапшылығы толық жойылды деуге болмайды. Әлі 9 орын бос. Өскеменде жағдай күрделірек. 44 дәрігер жетіспейді. Оның себебі де бар.
Айнаш Қапанова, ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары м.а.:
- Біріншіден, қалаларда медициналық мекемелердің көптігі. Екіншіден, әлеуметтік пакет жоқтығы. Үшіншіден, медициналық қызметкерлерге пәтер сатып алуға жеңілдетілген несие берілмейді.
Биылдан бастап шалғай жердегі жас мамандарға баспана алуға берілетін несие 9 миллион теңгеге ұлғайды. Грант та бөлініп жатыр. Ауруханалар резидентурада өздеріне қажетті маманды өз қаражатына оқытуды қолға алған.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.