Әлеуметтік қолдаудың әлеуеті

Халықтың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету - мемлекет басымдық беретін бағыттың бірі.

Биылдан бастап елде әлеуметтік төлемдер артты. Мәселен, 3-ші бала дүниеге келгенде берілетін көмек түрі 140 мың теңгеге дейін көтерілді. Ал 4-ші бала үшін енді 232 мың 596 теңге төленеді. Бұдан бөлек елде ең төменгі жалақы да 15 мың теңгеге артты.

Гүлфия Есләмова жалғызбасты ана. 2022 жылы ауданнан қалаға көшіп келген. Былтыр мейірімді жандар отбасылық жағдайы мүшкіл жанұяға баспана да сыйлаған екен. Шаңырақта 6 бала бар. Үлкен қызы тұрмыста. Ұлы жақында әскерден келген. Жұмыс тауып үлгере қоймапты. Гүлфияның өзі болса ерекше қажеттілігі бар 7 жастағы қызының күтімімен үйде отыр.

Гүлфия Есләмова, қала тұрғыны:

- Шүкір, 5 балама ақша аламын. Ерекше қызыма пенсиясын аламын. Сол бала күтімімен үйде отырамын. Жұмыс жасамаймын. Жеке кәсіпкерлер көмектесеміз деп жатса, осы бізге жібереді. Шүкір. Үкіметтің берген көмегін алып отырмыз.

Айта кетейік, өткен жылы елде жаңа әлеуметтік кодекс қабылданып, бірқатар жаңашылдықтар енгізілді. Құжат балаға туғаннан бастап кәмелеттік жасқа толғанға дейін әлеуметтік қолдау көрсету, жұмысқа орналастыру, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру сынды мәселелерді қамтиды. Биыл мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі өсті. Мәселен, 3-ші бала дүниеге келгенде берілетін көмек түрі 131 мың теңгеден 140 мың теңгеге дейін көтерлді. Ал 4-ші бала үшін енді 232 мың 596 теңге төленеді.

Жәрдемақы мөлшері:

1-ші, 2-ші, 3-ші бала туғанда – 140 296 теңге

4-ші және одан да көп бала туғанда – 232 596 теңге

Марфуға Исмағұлова, ҚР ЕХӘҚМ еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің басқарма басшысы:

- Бізде көп балалы отбасылар бар. Яғни, 4-ші бала дүниеге келгеннен кейін, былтыр егер55 мың 304 теңге көлемінде алатын болса, биыл 59 мың 183 теңге. Бұл жәрдемақының көлемі әрбір бала дүниеге келген сайын өзгеріп отырады.

Бұдан бөлек, Қазақстанда ең төменгі жалақы мен зейнетақы мөлшері де өсті. Осылайша елдегі ең аз еңбекақы 85 мың теңге болды, яғни 15 мың теңгеге ұлғайып отыр. Осы өзгерістің нәтижесінде 1 миллион 800 мыңға жуық жалдамалы жұмыскердің айлығы артты. Сондай-ақ, 1 айлық есептік көрсеткіш 3692 теңгеге жетті. Ал зейнетақының ең төменгі көлемі 57 мың 853 теңгеге өсті. Базалық зейнетақы - 28 215 теңге. Бұдан бөлек базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеуге арналған ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 407 теңге болып бекітілді.

Ең төменгі жалақы - 85 000 теңге (15 000 теңге)

Айлық есептік көрсеткіш - 3692 теңге (242 теңге)

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 28  215 теңге (3 874 теңге)

Зейнетақының ең төменгі мөлшері – 57 853 теңге (4777 теңге)

Марфуға Исмағұлова, ҚР ЕХӘҚМ еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің басқарма басшысы:

- Ең төменгі базалық төлем 60 пайыздан 65 пайызға дейін өсті. Яғни, бұл 27 мың 215 теңгені құрайды. Ал ең жоғарғы төлемі 100 пайыздан 105 пайызға дейін көтерілді. Яғни, биылғы базалық төлемнің 45 мың 578 теңгені құрайды деп айта аламыз.

Биыл мүмкіндігі шектеулі жандарға да берілетін жәрдемақы да өсті. Жүзеге асырылып жатқан кешенді іс-шаралардың барлығы осы санаттағы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Авторлары: Риат Шони, Асланбек Шығыр