Елордада иісшіл иттер 100-ден аса есірткі қылмысын ашуға ықпал етті
Жыл басталмай жатып елімізде синтетикалық есірткі таратқан 4 жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды 24KZ.
Былтыр осындай әрекетке барған 40-тан аса жас оңай табысқа қызығып, опық жеді. Тәртіп сақшылары: «синтетикалық есірткінің саудасы да, оны тұтыну көлемі де азаймай тұр», - дейді. Есірткімен күресте Кинологиялық қызметтің үлесі зор. Елордадағы иісшіл иттердің көмегімен өткен жылы 100-ден аса қылмыстың бетін ашылыпты.
Рухани Асқар, тілші:
- Бала күнде сүйсініп қарайтын комиссар Рэкс есіңізде ме? Мұхтардың оралуы ше? Талай айғақты тінтіп тауып, қылмысты ашуға атсалысқан телехикая кейіпкерлерінің образы өмірден алынды емес пе? Шын батырдың бірі, міне, менің қасымда тұр. Есімі – Сұңқар. 2 жыл жұмыс тәжірибесі бар. Офицердің айтқанын бұлжытпайды және Сұңқар үшін бүгін әдеттегі жұмыс күні, кезекті жаттығуға кірісіп жатыр.
Елорданың Кинологиялық қызметінде осындай 50-ден аса иісшіл ит бар. Олар ерекше бапталады. Тәртіп сақшыларының көмекшілері есірткі іздейді. Ізін суытпай қылмыскерді табады. Тіпті жарылғыш заттар жасырынған орынды да анықтайды. Мамандар: «әр итті 2 айдан 5 айға дейінгі мерзімде осындай дағдыға үйретуге болады», - дейді.
Рауан Даулетов, Астана қаласы ПД Кинологиялық қызмет орталығы бастығының орынбасары:
- 2023 жылдың есебімен айтар болсақ, Кинологиялық қызметтің иттері есірткі заттарын табу жағындағы қылмысты ашуға ықпал еткені 100-ден астам қылмыстың бетін ашуға ықпал етті. Оның ішінде синтетикалық есірткілер бар. Марихуана, героин дегендер де бар. Жедел-профилактикалық іс-шаралар өтіп тұрады. Жатақханаларда, әскери бөлімдерде, түнгі клубтарда жаңағыдай іс-шаралар өткізіледі. Сол жерде біздің иттермен, есірткіге қарсы күрес басқамасымен бірлесіп жұмыс жасаймыз.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары жыл басынан өңірлерде есірткі дайындаумен айналысқан 7 лабораторияның жұмысын тоқтатты. Қылмысты ұйымдастырғандардың дені – 18 бен 29 жас аралығындағы жастар.
Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары:
- Бұрын 2015 жылдары шет жақтардан тасымалдайтын. Дайын есірткі түрлері пошта немесе логистикалық компаниялар арқылы кіретін. Соңғы 3-4 жылда еліміздің ішінде өндіру. Көбінесе оның қосындыларын алып келеді. Соның жолын кесіп жатырмыз енді.
Жыл басынан бері ел бойынша 120 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Өткен жылы айналымнан алынған осы есірткінің мөлшері 1 тоннадан асады. Бір жылдың өзінде 40-тан астам жасырын зертхана жойылды.
Рухани Асқар, тілші:
- Синтетикалық есірткі – психологиялық және физикалық тәуелділік тудыратын, жасанды жолмен алынған психоактивті зат. Бұған тойтарыс беруде, өкінішке қарай, жасөспірімдер санаты осал келеді. Салдарынан жас ағзаның жүрек-қан тамыры жүйесі зардап шегеді, иммунитет төмендеп, орталық жүйке жүйесінің бұзылуына да әкеп соғуы мүмкін. Дәрігергер осыны айтып дабыл қағып жатыр. Ал қоғам бүгінде есірткінің осы түрімен күрестің сан амалын тауып, жауапкершілікті, жаза түрін қатаңдатуды қолға алған.