Қазақ есімдері топтастырылған қосымша
Бұдан былай балаңызға есім қоярда кітап ақтарып қиналмайсыз.
Отандық ІТ мамандар қазақ есімдері топтастырылған арнайы қосымша жасап шығарды. Қазақ тіліндегі «Қызықты ономастика» мобильді қосымшасы арқылы әр есімнің шығу тегі мен этимологиясын білуге болады.
Балаға ат қою – үлкен жауапкершілік. Ал азан шақырып қойған есімдерінің сырын білмей қиналатындар бар. Бұған енді бас қатырмайсыз. Еуразия ұлттық университетінің ІТ мамандары жасаған ұялы қосымшаға 800-ден астам есім, мән мағынасымен енгізілді. Кез келген адам қосымшада жоқ есімдерді шығу тегімен бірге тіркей алады.
Айта кету керек, бұл қазақ тілінде жасалған алғашқы өнім. Баламасы жоқ.
Бану Ергеш, ІТ маман:
- Басқа мобильдік қосымшалардан ерекшелігі ол басқаларда тек жынысы бойынша, алфавит бойынша қарауға мүмкіндіктері бар. Ал біздің қосымшада жынысы көрсетілген, алфавит бойынша сонымен қатар симантикалық белгілері бойынша таңдау мүмкіншілігі бар. Яғни, ат таңдау барысында жаңа нәресте туылып оған ат іздеген кезде интернетті ашып отырмайсыз. қосымша көмекке келеді.
Мамандар жасанды интеллектіге қазақ тілін ұғынықты етіп енгізу мақсатында түрлі жобаларды қолға алған. Есімдер енген қосымша соның бірі ғана. Оны жасау барысында тіл мамандарының да көмегіне жүгініпті. 1,5 жыл бойғы табанды еңбегінің нәтижесі жемісін бере бастады.
Гүлмира Бекманова, жоба жетекшісі:
- Қазақ тілді дамыту үшін интернет желіде біз әрине көп жұмыс істеуміз керекпіз. Ең біріншіден, біз корпустарды жасауымыз керек. Енді үлкен корпустар қазақ тіліңде болса, онда болашағымыз болады деген сөз осы желіде. Сондықтан осы корпустарды стандартты түрде осы жасанды интелекті пайдаланып жасасақ онда қазақ тілі дамиды деп ойлаймын.
Цифрлық қосымшада ыңғайлы бағыт-бағдар мен жылдам іздеу жүйесі бар. Мобильді қосымша қазір Android платформасында ғана қолжетімді.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Кәмшат Атабаева, Бағдат Қайыркен