Елімізде онлайн режимде 50 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілген
Сарапшылардың айтуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының тағы бір рейтингінде Қазақстан онлайн қызметтерді ұсыну бойынша әлемде 8-орынға ие.
Атап айтқанда, елімізде 2023 жылы онлайн режимде 50 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілген. Қазақстандықтар үшін екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы ең танымал 45 қызмет онлайн түрде қолжетімді. Мысалы, автокөліктерді сату қызметі банктердің қосымшаларына шығарылғаннан кейін онлайн сатылымдардың үлесі 75 процентке дейін өскен. Пәтерді қайта рәсімдеу және оны кепілге қою, ипотека алуды іске асыру шарасы бір тәулік ішінде атқарылады. Жеке кәсіпкерлікті ашу да банктердің қосымшаларында қолжетімді. Digital Almaty алаңында еліміздегі мемлекеттік басқарудағы цифрлық құралдар таныстырылып, тәжірибе алмасу жайы пысықталды.
Ростислав Коняшкин, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ Басқарма төрағасы:
- Қазақстанның «электронды үкімет» жобасын Тәжікстанмен бөлістік. Олар үш онлайн өнімімізді сәтті жүзеге асыруда. Серіктестермен тәжірибе алмасып, оқыту, маман даярлау бойынша да жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Біздің еліміз «электронды үкімет» бойынша халықаралық рейтингте алғашқы ондыққа кіреді. Сондықтан цифрлық өнімдерді енгізуде бөлісеріміз көп.