«ХабарLike» жобасы эфирге шығады
«Хабар» арнасында жаңа жоба. Бағдарлама «ХабарLike» деп аталады.
Жүргізушісі Аман Тасыған. Жоба 5 ақпаннен бастап көрерменге жол тартады. Late Night Show форматындағы ойын-сауық шоуы түнгі сағат 22.30-да тікелей эфирде көрсетіледі.
«ХабарLike»-бағдарламасында қоғамда, жалпы әлемде болып жатқан жаңалықтар басты тақырып болады. Елді елең еткізген оқиғалар күнбе-күн әңгіме өзегіне айналады. Жоба ойын сауықпен қоса, ақпараттық бағытты қоса қамтиды. Яғни, жұртшылыққа жаңалықты ресми дерекөздерге сүйене отырып, әзіл-шыны аралас жеткізеді. Қазір эфир алдындағы әзірлік жұмыстары жүріп жатыр.
Абылайхан Палмағанбет, продюсер:
- Біздің бұл бағдарламадағы, ең басты нәрсеміз, сол актуальды нәрсені пісіріп, уақытында халыққа жіберу. Негізі, бұл ойын-сауыққа қатты негізделген емес. Бағдарлама, ақпараттық-ойын-сауықтық бағдарлама. Яғни, көп бағдарламаларда, келген қонақпен, тек ойынмен болмаса, күлкімен ғана шектеліп кетсе, біз сол қонақ арқылы, жалпы еліміздегі ақпараттарды жеткізуге тырысамыз уақытында.
Бағдарламаның тізгіні тележүргізуші Аман Тасығанда. Бірақ, ол шоуды жалғыз жүргізбейді. Онымен қосылып тағы бірнеше мамандық иесі шығады.
Аман Тасыған, тележүргізуші:
- Әр күні, қосалқы жүргізушілер ауысып отырады. Олардың жанры жан-жақты. Әлеуметтік эксперимент жасайтын пранкеріміз бар. Әлеуметтік мәселелерді әзілмен жеткізетін комик-стендапер, қазақтың жанына жақын «Айт ақын» айдары бар, қалай десек те, уақыт өз адамдарын шығарады. Блогер бар, журналист бар, музыкамен сүйемелдеуші бар, диджей мырзамыз бар. Сондықтан да, 6 бағыттың басы біріккен, тілі жеңіл, жүрекке жылы жоба – «ХабарLike»
«ХабарLike» жобасы дүйсенбімен бейсенбі аралығында 4 күн шығады. Соның бірі «Айт ақын» айдарына арналады. Оны Асхат Қылышбеков жүргізеді. Айтыскердің айтуынша, ақындық өнер - қазақ халқына тән. Ол қоғамның күнгейлі-көлеңкелі тұстарын өлеңмен өрмек.
Асхат Қылышбеков, айтыскер ақын:
- Өлеңмен айтсаң өтімді болатын тұстары болады. Сондықтан да, осы әдеби ортаның, әдеби қауымның талап-тілегін ескеріп, осы хабарға ұлттық бояу қоссам деген үмітім, ниетім бар.
Жаңа жоба 5-ші ақпан күні сағат 22.30 да тікелей эфирде шығады. Ұзақтығы 50 минут. Кешті мазмұнды, көңілді өткізуді қаласаңыз Хабардан «ХабарLike»-ты көріңіз.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев