Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ күре жолы жүруге жарамай қалған
Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ автомобиль жолы әбден ескіріп, жүруге жарамай қалған.
Шұрық-тесік асфальтта қатынас әсіресе қыс мезгілінде қиындап кетеді. Сәл боран соқса кептеліс болып, жолаушылар жол бойында бірнеше сағат сарылып қалады. Жүргізушілер жолға жанын шүберекке түйіп шығады.
Жүргізушілерді әбден мезі еткен Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ бағытының шұрық-тесік болғанына бірнеше жылға таяды. Қыс мезгілінде енсіз жолда қатер көп. Транзиттік жүк көліктері көлденең тұрып, бірнеше шақырымға дейін кептеліс те пайда болып жатады. Жолаушылар тіпті далада түнеп қалған кездері жиі болған.
Ғалымжан Молдағожаев, жүргізуші:
- Ақтөбе мен Хромтаудың өзін екі ортада 2-2,5 сағат жүріп өтеміз үлкен машинамен. Әрі кетсе бір 75-80 км жер ғой. Негізі тегіс жолдарда бір сағатта 75-80 км жүріп өтеміз. Фура айдайтындардың барлығының арызы осы ғой. Ақтөбеден шыққаннан Хромтау, Қарабұтатққа дейін тіптен жол жоқ. Жаймен-жаймен жүреміз.
Бұл жол осыдан 18 жыл бұрын салынды. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Былтыр Ақтөбе мен Хромтау қалалары, Хромтау мен Бөгетсай ауылы арасындағы асфальт жабындысына ағымдағы жөндеу жасалғанымен жағдай өзгере қоймады. Көлік нөпірінің көптігінен жамалған тұсы қайта бұзылған. Жолды күтіп ұстауға жауапты мекеме өкілдері жыл бойы қадағалап отыруға қаражатымыз да, тиісті техникамыз да жетпейді деп отыр.
Рахат Сыдықов, жолға қызмет көрсетуші серіктестік филиалының директоры:
- Қаржыландыру биылдың өзінде миллиард жарым жеткізбей беріліп отыр бізге. Жылдағы қаржы жетпейді. Бар жаңағы 97 техниканың 55-і жүз пайыз изношен. Срогы келген. Оған қарамай ремонттан күтіп ұстап отырмыз. Норматив бойынша 257 техника керек. Есептей беріңіздер. әрине жеткіліксіз. Кейбір жетпегенін ішінара әрине арендаға аламыз. Бірақ ол да жетіспей жүр.
Самара-Шымкент халықаралық дәлізінің бұл тұсы үшінші санатты жолға жатады. Тәулігіне 3 мың көлік өтуі тиіс. Алайда қазір он мыңнан астам автомобиль өтеді. Дені ауыр жүк көліктері. Жауапты мекеме өкілдері жолды жөндеуге жобалық сметалық құжаттардың әзірленіп жатқанын жеткізді. Биыл алғашқы екі бөлігі жаңартылуы тиіс.
Асылбек Мұқанбетқалиев, «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:
- Жолдың 56 шақырымы мемлекеттік сараптамадан өтті. Биыл бұл жобаға кірісеміз. Құны 54 млрд теңге. мердігер анықталды. Бағасы 74 млрд теңге болатын екінші лот та сараптамадан өтті.
Ұзындығы 262 шақырым болатын жолдың қалған бөлігін жөндеуге жобалық-сметалық құжаттары биыл әзірленуі тиіс. Нәтижесінде бірінші санатты халықаралық стандартқа сай болады. Бірақ құрылыстың аяқталып, толықтай қолданысқа қашан берілетінін мамандар дөп басып айта алмады.
Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев