Елордада инватакси жетіспейді
Бүгінде 2,5 мың адамға небәрі 6 көлік қызмет көрсетеді.
Салдарынан мүмкіндігі шектеулі азаматтар ұзын-сонар кезек күтуге мәжбүр. Бұл туралы «Аманат» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау алаңында өткен дөңгелек үстелде айтылды. Тұрғындар гидравликалық көтергіші бар арнайы көліктердің аздығына шағымданды. Мұнымен қоса инватакси тек 9-дан 6-ға дейін жұмыс істейді. Шағымданушылар бұл уақыттың қолайсыздығын айтты.
Айша Мұқанова, қала тұрғыны:
- Сағат 9 жарымнан кейін хабарлассаң, инватаксидің бәрі бос емес. Себебі көлік аз. Мен электрлі арбамен жүремін. Сол үшін арнайы көтергіші бар көлікпен ғана қатынай аламын. Ал қарапайым жеңіл көліктерге менің арбам сыймайды, тиісінше олардың қызметін пайдалана алмаймын.
Жанат Қабдолла, "Сарыарқа" ауданы әкімінің инклюзия жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі:
- Инватакси тапшылығы жауыр болған тақырып. Біз қыста сыртқа шыға алмаймыз. Қар үйінділері, көктайғақ аялдамаға жеткізбейді. Сол үшін арнайы инватакси қызметін ғана пайдаланамыз. Мүмкіндігі шектеулі жандарды таситын пилоттық жоба басталды. Бірақ ол бәріне бірдей жарамды деп айта алмаймын. Мәселен, менің арбам үлкен. Оны жүргізушілер көтере алмайды.
Отырыста мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесі жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде партияға шағымын айтып келген азаматтар Көлік министрлігі жанындағы жұмыс тобына кіретін болды. Жауаптылардың айтуынша, осы жұмыс тобы мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау қызметіне қатысты ережелерге түзету әзірлейді.