Қызылорда облысы Қармақшы ауданында электр желісінің 80% тозған
Қызылорда облысында электр желісінің 66% тозған, деп хабарлайды 24KZ.
Ал Қармақшы ауданында бұл көрсеткіш 80%-ке жетті. Бірнеше елді мекеннің тұрғындары электр сапасына шағым айтып отыр. 50 жылдан бері қолданыста тұрған жарық желілері қашан жаңарады?
Ауа райы құбылса Жосалы кентіндегі Қасқыр Наметша көшесінде жарық сөнеді. Электр мәселесінің өзекті екенін мына ескі, қисайған, ағаш бағаналар мен салбыраған сымдардан-ақ байқауға болады. Тұрмыстық техникаларды қоссақ, жарық сығырайып қалады, - дейді кент тұрғыны Айбол Қозыбақов.
Айбол Қозыбақов, Жосалы кентінің тұрғыны:
- Ауа райы қолайсыздық болса, жарық өшіп қалады көп жерде, көп аймақта осы Жосалы кентінде. Оның бір жағынан себебі бөренелер ескірген. Осы көшелердегі подстансадан тартатын бөренелер ескірген. Соны тұрғындар көп айтады. Осы жарық тұрақты болып тұрса.
Қармақшы ауданында өткен ғасырдың 70-інші жылдары салынып, тозығы жеткен электр желілері мен бағаналар бар. Сондықтан жарықты үздіксіз қамтамасыз ету мүмкін болмай тұр, - дейді мамандар. Бүгінде аудан бойынша электр желілерінің тозу көрсеткіші 80%-ке жеткен.
Самат Смағұлов, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары:
- 2024 жылдың наурыз айынан бастап шалғайдағы Көмекбаев, орталықтағы Ақтөбе, Иіркөл елді мекендерін электр энергиясымен жаңғырту жұмыстары басталады. Сонымен қатар жыл аяғына дейін Қармақшы ауданына қарасты Жаңажол, Қуандария елді мекеніне электр энергиясын толық жаңғыртамыз деп жоспарлап отырмыз. Қалған елді мекендердің барлығын 2025 жылы кезең-кезеңімен аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Биыл облыс бойынша электр ысырапын азайтуға сеп болатын 10 жоба жүзеге асады. Оның аясында 418 шақырым электр желісі мен 73 қосалқы станса жаңғыртылады. Бұл жұмыстардың басым бөлігі ауылдық елді мекендерде атқарылады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.