Таудағы жылқының алды етекке түсті
Марқакөлдегі жұрт таудағы жылқыны төменге, ауыл маңына түсіріп жатыр.
135 бас қары жұқа аймаққа жеткізілді. Бірақ бұл іске елдің бәрі бірдей құлықты емес. Себебі ұры-қарыдан қауіптенеді. Ал әкімдік өкілдері: «енді сәл кешіксе, қасат қарда тебіндей алмаған мал күйі кетіп, ел қып-қызыл шығынға ұшырайуы мүмкін» дейді.
Таудағы жылқысын түсіріп жатқандардың бірі - Мұратқан Қаймұратов. Бұғымүйіз ауылының тұрғыны шөпті жыл сайын тек сиыр мен қойға деп есептеп жинайтын. Енді оған жылқысы ортақтасты. Осы үйірді Марқакөл ауылына қарай айдауға дайын.
Мұратқан Қаймұратов, Бұғымүйіз ауылының тұрғыны:
- Осы жылқыны аман есен Марқакөл жаққа түсіріп, соған апарып, қыстан шығару сол. Марқакөлдің адамдары бізге көмектесемін деп отыр. Жолды ашып Ақжайлауда, Ұранхай ауылында площадка ашып.
Жылқы ұстағандардың көбінен маза қашқан. Ал Амантай Иқамбаевтың жаны тыныш. Ақсақал қыс қабағын бағып, ерте қамданған. Алдын ала 100 тоннадан астамс шөп үйіп, малын жинап-теріп алған. Себебі күйі кетіп, құлын тастай ма деп қауіптенеді.
Амантай Иқамбаев, шаруашылық жетекшісі:
- Ұзақ тебінде ұстаса бұл биелер құлын тастап кетеді. Сондықтан бұны біз ертерек шөпке, жемге қойып қойдық. Қазір жемі шөбінде тұр. Сөйтіп қыстан аман алып шығамыз.
Қалың қар басып қалған Төсқайыңда тауда жүрген жылқы көп. Тұрғындардың көбі малын етекке айдап түсіруге келіспей отыр. Бірі жолда қырылады деп қорықса, енді бірі ұры-қарының қолында кетеді деп қауіптенеді. Бірақ аудан басшылары жылқыны айдап әкелуге де, оның жем-шөбін жеткізуге де көмектесеміз деп отыр.
Мейіржан Әлібеков, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:
- Кейбір адамдар енді қандай дүниеге сеніп отыр,салғырт қарауы мүмкін. Бұл малдың ертеңгі шығынына алып келуі мүмкін. Сондықтан заявканы беріп, осы бастан қамданған дұрыс. Сол бойынша қазір сатып алатын жем шөп дайындап отырмыз. Техникамен жеткізіп береміз, бірақ сол жердегі халық керек шөбін өзі сатып алады.
Мұндай кезде жем-шөптің құны шарықтап кететіні бар. «Оны бақылаймыз, тіпті арзан болуына да ықпал етеміз», - дейді әкімдік өкілдері. Жақында Төсқайың ауылдық округіне 60 орам шөп жеткізілді. Оның жартысын волонтерлер жинауға көмектескен. Себебі Марқадағы жағдайға көршілес ауылдар мен аудандар жабыла қол ұшын созып отыр.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов