Қостанай жылқысының тұқымын көбейту қолға алынды

Қостанай жылқысының тұқымы азайып қалған.

Заманында алдына қара салмаған жануарлар осы. Тіпті олардың рекордын әлі күнге жаңғыртқан жүйрік жоқ.

Қостанай жылқысы әріде 60 жылғы селекцияның нәтижесінде пайда болған дейді. Қазіргі бары 200 бастай ғана.

Құрып кетудің алдында тұрған таза қанды Қостанай жылқысының тұқымын көбейту қайта қолға алынды. 1969 жылғы санақта 44 мыңға жеткен асыл тұқымды жылқыдан қазір саусақпен санарлық қана қалған. Кеңес Одағы ыдырағаннан бері бұл жылқы тұқымына еш көңіл бөлінбеген. Тек 2019 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен мәселе қолға алынды.

Бауыржан Қасенов, "Ұлттық аграрлық ғылым-білім беру орталығының" АҚ басқарма төрағасы:

- Кезінде бұл тұқымды алуға 100 жылдай уақыт кеткен болатын. 1951 жылы еліміздің климатына өте бейімделген Қостанай жылқысы пайда болды. Мәселен, майкөлдік Червонец деп аталатын қостанайлық жылқы 100 шақырымды 4 сағат, 1 минутта жүгіріп өтіп, әлемдік рекорд орнатты. Бұл рекордты әлі ешкім жаңарта алмады. Сондықтан бұл тұқымның мүмкіндігі көп. Шаруаға да, әрі спортқа да өте ыңғайлы. Қазір Қостанайдағы "Қазақ тұлпары" зауытында 48 бас таза қанды Қостанай жылқысы бар. Оның 20-сы бие. 5-7 жыл көлемінде 100 басқа толтырамыз деп ойлаймын.

Аталған жылқы тұқымын көбейту Алматыда өткен жиында талқыланды. Оған асыл тұқымды жылқы зауыттарының, қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік органдар мен ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының өкілдері қатысты. Шара соңында Қостанай жылқысын қайта дамытуға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 

Әлия Досмұхамбетова, агрохолдинг басшысы:

- Қазір біздің жылқы зауытымызда екі Қостанай жылқысы бар. Біздің жоспарымыз тағы да бірнеше бие алып, сол екі жылқымен ары қарай жұмыс істеп, санын арттыру.

Қазақы тұлпарлардың ішінде Қостанай тұқымының орны ерекше. Ол жергілікті қазақы жылқы мен дон, орлов жылқыларын будандастыру арқылы алынған. Шапшаң, қарқынды, дене бітімі біршама ірі. Дәлірек айтсақ қашсаң құтылатын, қусаң жеткізетін жүйрік тұқымдардың бірі. Былтырғы жылы елімізде тек Қостанай жылқылары қатысқан ірі бәйгелер өтті. Оған 80 млн теңге қаражат бөлінген. Хас жүйріктердің жарысы биыл да жалғасын табады.

Тастанбек Есентаев, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті:

- Біз биыл Қостанай жылқысының 5 жарысын өткіземіз. Бәйге маусымы 28 мамырда басталады. Ең соңғы бәйге көшпенділер ойынынан кейін 28 қыркүйекте өтеді. Бұл жерде Қостанай жылқылары арасында ұшқыр бәйгеден 3 қашықтықта және дәстүрлі бәйгеден құнан бәйге мен аламан бәйге өтеді.

Дәл қазіргі уақытта қауымдастық құрамында 10 федерация бар. Оның алтауы, яғни көкпар, бәйге, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ және жорық тікелей тұлпарлардың қатысуымен өтеді. Мамандар биылғы жылы Қостанай жылқысын бәйгеден бөлек аталған спорт түрлеріне қосуға ниетті.

Әлішер Әли, Артур Горшняков, Ержан Рахманбердиев