Заң мен тәртіп. Елде вандализм азаймай тұр
Елде вандализм дерегі азаймай тұр.
Жаза қатаңдағанымен бұзақылардың, айыл жияр түрі жоқ. Аялдамаларды бүлдіріп, көше көркіне, тіпті тарихи нысандарға, кесір тигізгендермен күрес қалай жүріп жатыр? «Заң мен тәртіп» айдары.
Эфирде «Заң мен тәртіп». Бүгінгі шығарылымды біз вандализм мәселесіне арнаймыз.
Елде вандализм, бұзақылық, өзгенің мүлкін бұзу деректері жиілеп барады. Тәртіп сақшылары осылай деп дабыл қағып отыр. Бүлінген инфрақұрылымдық нысандардың ішінде мемлекет қорғауындағы тарихи ескерткіштер мен архитектуралық композициялар да бар.
Айдын Оразбаев, ҚР ІІМ Әкімішлік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары, полиция полковнигі:
- Мемлекетпен қорғалатын мәдени ескерткіштерді бұзу және залал келтіру вандализмға жатады. Бұл ҚК 294-бабы бойынша тиісті азаматтар жауапқа тартылады. Егерде ол бұзақылық жасаған кезде. Негізі көшелерде орналасқан жарық шамдарын аялдамаларды бұзу бұл әкімшілік құқық бұзушылық 147 прим 1-бабы бойынша бөтеннің мүлкін қасақана жою және бүлдіру бабымен қарастырылады. Бұл бойынша азаматтар 20 АЕК айыппұл салынады немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.
ІІМ мәліметінше, биылдың өзінде 900 мыңнан аса әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Қаңтар айында тәртіп сақшылары тыныштықты бұзу бойынша 8 мыңнан аса деректі, көпшілік пайдаланатын орындарды ластаудың 13 мыңнан астам дерегін анықтады. Мұндай олқылықтарға ішкі тәртіптен ада, көп жағдайда ішімдікке тойып алған бұзақылар барады. Осылайша жылдың басынан бері алкоголь ішкен немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген 14 мың адам жауапқа тартылған. Әзірге тарихи жәдігерлер мен ескерткіштерге тиіскендер туралы дерек тіркелмеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осындай күрделі кезеңде заңға бағыну өте маңызды. Өкінішке қарай елдімізде осыған қатысты олқылықтар бар. Біз мұны ашық мойындауымыз керек. Басты себеп құқықтық сауаттың төмен болуы. Оның бәрі түптеп келгенде мемлекеттің дамуын тежейді. Мемлекеттің абыройына нұқсан келтіреді. Қоғамдық жерлердегі вандализм соның айқын көрінісі.
Жалпы вандализм мәселесін президент те, депутаттар да жиі көтереді. Бұған негіз де жоқ емес. Былтыр 5 мыңнан астам қазақстандық абаттандыру ережелерін бұзған. Сенатор Андрей Лукиннің сөзінше, тәртіп бұзушылар жасыл желек пен ағаштарға зақым келтіріп, аялдамалар мен лифттерді бүлдірген. Басқа да инфрақұрылымдық және көшедегі сәндік нысандарды қиратып кеткен. Енді депутат жауапкершілікті қатаңдату керек деп есептейді.
Айдын Оразбаев, ҚР ІІМ Әкімішлік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары, полиция полковнигі:
- Жаза негізі 2023 жылдан бастап қатаңдады. Азаматтар бөтеннің мүлкін бұзатын болса, бұрын қылмыстық қаралатын болса, көп уақыт алатын болады. Қазіргі уақытта қылмыстық белгілер болмаса, бөтеннің мүлкін бұзу бойынша. Сол бойынша әкімшілік құқық бұзушылық қарастырылды осы 2023 жылдың наурызынан бастап, сол бойынша бөтеннің мүлкі 200 АЕК аспаса шығын, онда ӘҚБ ретінде қаралып, азаматтар әкімшілік жазаға тартылады.
Ең сорақысы, вандализмнен келетін шығын миллиондармен есептеледі. Қазір ішкі істер органдары қоғамда кез келген заң бұзушылыққа "нольдік төзімділік" қағидатын қалыптастыруға мүдделі. Соның нәтижесінде былтыр 10 жарым млн жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Барлық жағдай қауіпсіздік бейнекамераларының көмегімен анықталған.
Заңды мен тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұмытпайық.