Астанада итке талану дерегі артып барады
Былтыр Астанада мыңнан астам адам жануарлардан зардап шеккен.
Оның ішінде иттерге таланғандар аз емес. Тұрғындар бұралқы иттерден қауіп көбейгенін айтып отыр. Ветеринарлық мекемеге түсетін шағымдар да толастамай тұр.
Бұл Нұра ауданы тұрғындарының жолдаған бейнежазбасы. Аулада бұралқы иттер қаптап жүр. Ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне алаңдап отыр.
Жұмабике Базелова, қала тұрғыны:
- Ана жерге бір пирожковоз 6 итті түсіріп кетті. Өзім қарап тұрдым. Оның алдында 4 ит жүретін. Бағана көрдім балаларға жүгіріп жатыр. Уже адамға шауып жатыр ғой, аш қой енді.
Мұндай иесіз жануарлар түрлі аурулардың таралуына себепкер болып жатады. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, былтырдың өзінде елордада мыңнан астам адам зардап шеккен.
Айжан Ақай, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
- 2023 жылы антирабиялық көмекке 1062 адам жүгінген болатын. Олардың 364-і балалар. Ең алдымен жараның аймағын кемінде 10-15 минут сумен және сабынмен жуу керек. Содан соң 70 пайыздық спирт ерітіндісімен немесе 50 пайыздық йиод ерітіндісімен жараның аумағын қосымша өңдеу керек. Жануарлар тістеген кезде сіреспеге және құтыруға қарсы вакциналар қойылады.
Тұрғындар қаңғыбас ит-мысыққа қатысты шағымдарын і-komek желісі арқылы жеткізеді. "Астанаветсервис" мекемесінің қызметкерлері сол кезде жедел әрекет етуі тиіс. Олар былтыр 8 мың ит пен 2 мың мысық аулаған. Иесіз жануарлар панажайға жеткізілді. Тұрғындардан күніне кемінде 30 шақты шақырту түседі екен.
Темірлан Әкімжанов, "Астана ветсервис" МКК бөлім басшысы:
- Оған байланысты біздің аулау мамандары өз маршрутын құрады. Олар күнде 10-15 ит-мысық аулайды. Атуға болмайды. Тек қана гумандық тәсілмен аулаймыз. Питомникке тапсырамыз. Олар уже әрі қарай өздері бағады, күтеді. 2023 жылдың қараша айынан бастап "Астана ветсервистен" частный фонд "Стопотловка" питомник берілді доверительное управлениеге.
Алайда кәсіпорынның жұмысына көпшіліктің көңілі тола бермейді. Еріктілердің кейбірі иесіз ит-мысықтарды өз ауласында асырауға кіріскен. Мәселен, Данилдің жеке панажайында қазір 120 шақты ит пен 130 шақты мысық бар. Жануарлар жанашыры оларды вакциналап, күтіп-баптап отыр.
Данил Клунник, ерікті:
- Мұндағы иттер волонтерлердің көмегінсіз тірі қалмайтын еді. Өйткені бірін әлдекімдер азаптаған, енді бірін көлік қағып кеткен. Оларды осында алып келіп, емдеп, асырап отырмыз. Мемлекет тарапынан бізге қаржы бөлінбейді. Әйтпесе панажайды одан әрі кеңейтуге болар еді. Еріктілер ғана қаржылай қолдау көрсетіп жатыр.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, елде иттерді атуға тыйым салынған. Иесіз жануарларды тек ұрықсыздандырып, панажайларда қамап ұстау ғана мүмкін болып тұр. Алайда бұл жұмыс жүйесі мәселені түбегейлі шеше алатын емес. Жұртшылық түйткілді тарқатудың тиімді тәсілін енгізуді сұрап отыр.
Еркебұлан Смадияров, Абдулхамит Бөлекбаев