Абай облысында бірнеше бағытта жол жабылды

Күн райының құбылуына байланысты Абай облысында бірнеше бағытта жол жабылды, деп хабарлайды 24KZ.

Полицейлер күшейтілген жұмыс кестесіне көшіріліп, жолда қалғандарға көмектесіп жатыр.

Андрей Рат таңертең Бородулихадан Михайлченко ауылына шыққан. Күн ашықта діттеген жеріне жетіп, қайтар кезде ақтүтек боранға ұрынды. Салдарынан көлігі жолдың шетіне шығып, қарға батып қалған.

Андрей Рат, көлік жүргізуші:

- Әп-сәтте жел соқты да, ештеңе көрінбей қалды. Жолдан шығып кеткенімді байқамай қалдым. Асфальт жолға шыға алмаған соң, 102 нөміріне телефон шалдым.

Бородулиха бекетінде тұрған полицейлердің бұл алғашқы көмегі емес. Бір күннің ішінде олар қар құрсауында қалған бірнеше көлікті жолға шығарды.

Қанат Бейсенбеков, аға инспектор:

- Бізге хабар келісімен оқиға орнына шығамыз. Мұндай жағдайлар қыста жиі болып тұрады. Шамамыз келгенше жүргізушілерге көмектесіп тұрамыз.

Қалыптасқан жағдайға байланысты бірнеше бағытта көлік қозғалысына тыйым салынды.

Айдын Каңтарбаев, облыстық ПД патрульдік рота командирі:

- Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты желдің қатты соғуына қарай 28-30 м/с байланысты Семей-Бородулиха-Жезкент және Ресей Федерациясы тасжолы жабық тұр. Полиция қызметкерлерінің атынан түсініктеме жүргізіліп, сабыр сақтауға шақырып тұрмыз.

Синоптиктер алдағы екі күн бойы ауа райы қолайсыз болады. Артынша қар жауып, аяз болуы ықтимал деп отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Әсем Өтешова, Медет Өмірханов.