Наурызда ұшақ пен пойыздың қатынауы өзгертілген уақыт белдеуіне бейімделеді

Қыс ішінде жол жүру оңай емес.

Мұндайда біраз ел көлікті доғарып, ұшақ, пойызбен қатынайды. Ал оған билет таппай қалмау үшін, не сол билетті арзандау алу үшін ертерек қамданасыз, әрине.

Ал билет 29 ақпаннан кейін, яғни уақыт бір сағат жылжыған кезге керек болса қайтпекпіз? Кешігіп, жолдан қалып қоймаймыз ба? 

Билетте көрсетілген уақыт пен таблодағы уақыт айырмасы қандай болмақ?

2024 жылдың 1 наурызынан Қазақстанның барлық облыстарындағы сағаттар үшін бірыңғай бесінші уақыт белдеуі енгізіледі.

Осылайша Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары уақытты 1 сағатқа артқа жылжытады.

Бұл өзгеріс осы өңірлерге қатынайтын жолаушылардың әуе және теміржол тасымалына да әсер етпек.

Нұрсұлтан Ибраев, "Жолаушылар тасымалы" АҚ Баспасөз қызметінің өкілі:

«Жолаушылар тасымалына жауапты пойыздардың уақыт кестесін жасағанда Қазақстан бойынша бірыңғай уақыт белдеуінің енгізілетіні ескерілді. Наурыз айында пойыздардың келу-кету уақыты ортақ уақыт белдеуі бойынша болады. Бұл өзгеріс жолаушы билеттерінде де қарастырылған. Енді азаматтардың өз сағаттарындағы және техникалық құрылғыларындағы уақыт көрсеткіштері дұрыс болса болды. Сондай-ақ жол жүрушілерге сапарларын алдын ала жоспарлап, билетте көрсетілген уақытқа мұқият болуға кеңес береміз. Cұрақ туындаса, 1433 телефон номеріне хабарласуға болады».

Яғни пойызға міну үшін билеттегі уақыттан бір сағат ерте, не кеш келудің қажеті жоқ. Өз сағатыңызды түзесеңіз жеткілікті. Өйткені билетте уақыт айырмашылғы есептелген. Ал әуе рейстеріне қатысты жағдай сәл өзгеше. Мұнда ұшу уақытын әуежай арқылы нақтылап алған жөн.

 

Махаббат Көптілеуова, ҚР КМ Азаматтық авиация комитетінің әуе тасымалдар басқармасының басшысы:

«Авиакомпаниялар мен әуежайларға жолаушыларды уақытылы хабардар ету, билеттерді сату жүйелеріне тиісті өзгерістер енгізу бойынша тапсырма берілді. Осыған орай жолаушыларға рейстер бойынша нақты ақпаратты авиакомпаниялардың колл-центрлері, арнайы қосымшалары арқылы немесе әуежайлардың қызметтік анықтамалық жерлерінен нақтылау қажет».

Қазір әуе тасымалына жауапты компаниялар билет сату жүйелеріне тиісті өзгерістер енгізу бойынша техникалық жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта бұл туралы тек Қазақэйр мәлімдеме жасады. 2024 жылдың 29 қаңтарына дейін Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Орал, Шымкент, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Түркістан, Қызылорда, Өскемен, Талдықорған және Жезқазған қалаларына және аталған қалалардан болатын рейстерге әуе билеттерін сатып алған жолаушыларға ұшу уақыты 2024 жылдың 1 наурызында сағат түнгі 00:00-ден бастап ұшақ билетте көрсетілген уақыттан 1 сағат бұрын ұшатынына назар аудару қажет. Ал 29 қаңтардан кейін әуе билеттерін сатып алған жолаушылардың билеттерінде жаңа белдеуге сәйкес уақыт көрсетілген.

Компания уақыт белдеуіне қатысты өзгерістерді жолаушыларға SMS-хабарламалар түрінде немесе электронды пошта арқылы жолдаған. Алдағы уақытта бұл қатарға елімізде қызмет ететін өзге де әуе компаниялары қосылуға тиіс.

Ердана Ержанұлы, Ернар Жақсыбаев