Тараздағы тал-терек дәріленеді
Биыл Тараз әкімдігі ағаштарды дәрілеуге 40 миллион теңге жұмсамақ.
Салаға жауаптылардың сөзінше Тараздың жасыл-желегіне соңғы 7 жылда дәрілеу шаралары жүргізілмеген. Салдарынан тал-дарақтар аурушаң болып, екі жыл бұрын егілген 12 мың түп ағаштың тең жартысы қурап қалған. Ал былтыр шаһар аумағына отырғызылған 5 мың көшет өнбей жатып қурады. Жалпы жасыл қала атанған Таразда 134 мың түп тал-терек бар. Бірақ бұл 7 жыл бұрынғы санақтың нәтижесі. Сондықтан қала билігі биыл фитосанитарлық дәрілеу шарасымен қоса дендрологиялық санақты да жүргізбек. Бұл үшін Алматыдағы ботаника институтымен келісім жасаған.
Қайрат Исмаил, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:
- Емдеу шараларына біз 30-40 млн теңге шамасында болады деп жоспарлап отырмыз. Осы қаражатты біз алдағы түзетуде қарастырып, сәуір айында емдеу шараларын бастап кететін боламыз. Фитосанитарлық емдеу шаралары үш кезеңмен өткізіледі. Сол үш кезеңде қандай дәрілерді пайдалану керек. Ол жерде химиялық және органикалық дәрілермен емдеу шараларын жүргізу қажет.