Арыстанбек Мұхамедиұлы 11 жылға сотталды
Көп асқанға бір тосқан.
Айыптан басы арылмай жүрген, бұрынғы мәдниет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жазасы 11 жылға дейін ұзарды. Астана соты үкімді бүгін шығарды. Ең қызығы, бұл жолы Мұхамедиұлының жары мен адвокаты да айыпталушылар арасынан табылды. Ресми мәліметке сүйенсек, қылмыстық істің басты кейіпкері пара беруге тырысқаны үшін жазасын 8 жылдан 11 жылға дейін ұзартып алды. Ал оның жұбайы Ғалия Ысқақова жымысқы әрекетке делдал болды деп айыпталды. Тиісінше ол да 6 айға темір торға тоғытылып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу мәртебесінен айырылды. Адвокат Мұстахим Төлеев болса алаяқтығы үшін 6 жыл 8 ай абақтыда отырады. Оған қоса 10 жыл бойы адвокаттықпен айналыса алмайды. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Естеріңізге сала кетейік, Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылдың мамыр айында қамауға алынған еді. Оған бюджеттен 146 млн теңге ұрлады деген айып тағылған. Сол жылдың тамыз айында бұл сома тағы 7 млн-ға көбейді.