Депутат: Мемлекеттік марапаттардың мәні кетті
«Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» медалі 50 мың теңге, ал «Қазақстанның құрметті азаматы» атағы 100 мың теңге.
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай мемлекеттік наградалар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқанын айтып, өз алаңдаушылығын білдірді. Тіпті «Ұлт ұстазы» мәртебесі де саудаға түскен. Депутат мұндай атақтардың мәнін кетірген «пысықай» ұйымдарға шара қолдану керегін жеткізді. Сонымен қатар геральдикалық зерттеулер орталығының атауын Ұлттық рәмізтану деп өзгертуді ұсынды.
Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мемлекеттік рәміздердің элементтерін түрлі ұйымдардың өз наградасында қалай болса солай ретсіз қолдану үрдісі етек алып бара жатыр. Абырой әпермейтін жалған атақтар мен төсбелгілер, медальдер қаптап кетті. Олардың ақшаға сатылу үрдісі де қоғамды алаңдатып отыр. Осылардың барлығын реттеу керек. Жалпы құқықтық тосқауыл қою керек деп есептеймін.