А. Балаева: Бүгінгі журналистиканың мәртебесі қоғам алдындағы маңызы мен рөліне сай келмейді
Журналистика – жауапкершілігі жоғары мамандық.
«Журналистік этика» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барсында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осылай деді. Ақпарат ағынында еңбек етіп жүрген тілшілер қауымының тәуекелі көп. Еңсерер қиындығы да бар. Жиында сала майталмандары медиа кеңістіктегі этикаға қатысты ойларын ортаға салды.
Цифрлық медиа дамыған сайын қазіргі журналистика да көштен қалмауға тырысып бағуда. Алайда қазір көпшілік кәсіби журналистер мен блогерлерді ажыратудан қалды. Кәсібилік жоқ жерде этиканың болуы да екі талай. Тіпті нақты тексерілген, не шындыққа жанаспайтын ақпараттың ара-жігін ажыратпайтындар бар. Бұл тұста сала министрі Аида Балаева бүгінгі қоғамда фактчекинг ұғымдарын түсіндіру маңызды екенін айтты. Сондай-ақ, әр редакцияда Фейк ақпараттармен жұмыс жүргізетін арнайы мониторингтік топтар құру қажеттігі айтылды.
Аида Балаева ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Соңғы жылдары адамзат басына түскен сынақтар ақпараттың маңызды екенін анық көрсетті. Журналист қашан да жоғарғы эрудиция, нақтылық және объективтілігімен қарапайым желі қолданушылары мен блогерлерден ерекшелігі бар екенін үнемі айтып келеміз. Осы қасиеттер журналистиканы биікке шығарады. Біз салалық министрлік ретінде депутаттар мен БАҚ өкілдерімен белсенді әрі жемісті ынтымақтастық орнатып келеміз. Журналистика кез келген басқа сала сияқты түрлі тәуекелдер мен сан алуан қиындықтарға толы мамандық.
Дөңгелек үстелде бас қосқан БАҚ өкілдері мен сақа сарапшылар медиа кеңістіктегі этикаға қатысты ойларын ортаға салды. Мәселен, Құқық қорғаушы, Айман Омарова зорлық-зомбылық фактілерін жариялау кезінде шектеулер енгізуді ұсынды. Себебі, жеке адамның ар-намысын, қадір-қасиетін құрметтеу қажет.
Айман Омарова, ҚР Президенті жанындағы ұлттық комиссияның мүшесі:
- Журналистер зорлық-зомбылыққа қатысты ақпаратты жариялаған кезде өте абай болуы керек. Мұнда асқан жауапкершілік қажет. Себебі, адам құқығына нұқсан келуі мүмкін. Мысалы, басылымдарда жәбірленушінің басынан өткен зорлық-зомбылық оқиғасы, кейбір егжей-тегжейлері анық беріледі. Яғни журналистиканың негізгі принциптері, оқиғаны жариялау әдісі қате болғаннан кейін, зорлық-зомбылық құрбандары қайта жәбірленеді, демек жарияланым салдарын тіпті болжау мүмкін емес.
Аида Балаева журналистің этика мәселесін шешуге қатысты бірқатар нақты шаралар ұсынды. Медиа кеңістіктің көкжиегін кеңейту тетіктері де пысықталды. «Мәселен, қазір уақыт талабына сай салалық журналистиканы дамытуға ерекше көңіл бөлген жөн», - деді ведомство басшысы.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ырыстанбек Оспанов