Алаяқтар инвесторлар есебінен табыс табуға көшті
Бірақ айласын инвестжоба емес, криптовалюта арқылы іске асырып отыр.
Ірі компаниялардың атынан жалған жарнама жасап, азаматтарды жеңіл ақша табуға шақырады. Иинвестиция құю арқылы,, компаниядан дивидендтер алуға болатынын айтады. Алаяқтарға алданып қалмас үшін не істеу керек?
Криптовалюта мен ипотека екі бөлек нәрсе. Дегенмен проблемалары ұқсас. Мысалы, үлескерлердің қаржысын құрылыс компаниясының басшылары ұрласа, криптовалютаны сатып алатындар ақшасын өз қолымен шетелге аударып, ұрының қалтасына салып береді. Қазір қазақстандықтар онымен емін-еркін айналысып жүр. Бірақ салаға енді келгендер оның қыр-сырын білмейді. Сондықтан алданып жатады. Мәселен, есімін өзгертіп көрсетуді сұраған кейіпкеріміз «инвестор» атанамын деп, сан соғып қалған. Танымал брендтің атын жамылып жарнама жасаған алаяқтар Маратты бірден қызықтырса керек. Олар ақша салып инвестициялау арқылы компаниядан дивидендтер алуға болатынын айтыпты. Ал оңай олжаға кенелем деген Марат 30 мың АҚШ долларынан бірден айырылған.
Марат Иманбаев:
- Мені алаяқтар чатқа қосып жіберді. Менің номерімді қайдан тапқанын білмеймін. Чатқа бәрі салған ақшасының пайызын алып жатқаны туралы суреттер жіберіп жүрді. Мен де қызығып кеттім. Кейін хабарлама келді «егер 60 мың доллар алғың келсе, арнайы шотқа 30 мың доллар инвестиция сал» деген. Мен таныстарымнан қарыз алып, ақша салдым. Сенбеске амал болмады, себебі олар танымал компанияның атынан жарнама жасады. Кейін қаражатымды шығарып ала алмаған соң олардың алаяқ екенін және ақшамнан айырылғанымды түсіндім. Оңай ақша жоғын, бәрін еңбекпен табу керегін тағы бір рет ұқтым.
Онлайн сауда – киберқылмыстың ең қызған платформасы. Алаяқтық түрлі жобаны тиімді инвестициялау деген желеумен жиі жасалған. Киберқылмыспен күресушілер осылай дейді. Статистикаға сүйенсек, өткен жылы интернет алаяқтарға 30 мыңнан астам адам алданып қалған. Бір ғана Астананың өзінде 558 факті тіркелген. Ал жыл басынан бері 50 іс анықталыпты. Қазір оларға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.
Олжас Майтқанов, Астана қаласы ПД киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің бастығы:
- Шығын көлемі әртүрлі. 10-15 мың теңгеден басталып, 40-50 миллионға дейін жетеді. Тіпті одан да көп болуы мүмкін. Оның бәрі жәбірленушінің қалтасына байланысты. Және қылмыстық жаза шығын сомасына қарай тағайындалады. Қылмыскерге 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы қарастырылған. Негізі осындай фактілер көбіне Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тіркеледі. Ел азаматтарын телефон арқылы жеке деректерімен бөліспеуге шақырамыз.
Ал сарапшылардың айтуынша, болашақта криптовалюта қаржы әлемінде маңызды роль атқаруы мүмкін. Сондықтан бұл нарықты бақылауға алу қажет. Әйткенде алданған азаматтардың қатары одан әрі өсе бермек.
Михаил Монин, қаржы сарапшысы:
- Қаржы нарығына алғаш келген адамның ең алдымен мақсаты болу керек. Инвесторлар ақшасын қалаған саласына құймауы тиіс. Алдымен брокерді толық тексеруден өткізген дұрыс. Белгілі бір компанияның ресми өкілі екеніне көз жеткізген абзал. Сонан соң қаржы мәселесіне көшіп, инвестиция құйып, пайдасының көлемі бақылау қажет. Адамдар қазір тез байып кетуге асығады. Бірақ жеңіл ақша жерде жатпайтынын ұмытып кетеді.
Әлемдегі алғашқы криптовалюта 15 жыл бұрын пайда болған. Кезінде биржадағы бағасы 5 мың доллар болған биткоин құны қазір 46 миллион долларға жуықтады. Бұл 21 миллион теңге. Яғни алғашқы сомадан еселеп өскен. Жалпы елдегі криптовалюталық алаяқтықпен күресу үшін арнайы «Цифрлық активтер туралы» заң бар. Құжатқа өткен жылы Мемлекет басшысы қол қойды. Ол криптовалюта жөніндегі қызметті дамытуға бағытталған.
Альмира Оразбай