Сенатор: Ескерткіштерді қорғау керек
Өзбекстан туризм саласынан жылына 2 млрд доллар пайда тауып отыр.
Ондағы Бұхара, Самарқанд, Хиуа секілді әлемдік мұра тізіміне енген қалаларды көруге жыл сайын 7 млрд-қа жуық турист саяхаттайды екен. Ал біздегі бұл іс тұралап тұр. Депутат Дархан Қыдырәлі бүгінгі Сенат отырысында осындай мәселе көтерді. Айтуынша, өзгелерді қызықтырудан бұрын алдымен мәдени мұраларды вандалдардан қорғау өзекті болып тұр. Елде тарихи ескерткіштерге зиян келтіретіндер көбейген. Мысалы, Жошы хан кесенесінің жанына әлдебір қалталы жақынын жерлепті. Депутат елдегі тарихи нысандарды жөндеу жұмыстарын жүргізуде де заңбұзушылықтар бар екендігін айтты. Сондай-ақ ескерткіштерді қорғау бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Сансыз баптар мекені Сайрамда қастерлі орындар қараусыз жатыр. VIII-IX ғасырдан қалған көне қорымның бір шетін базар басып барады. Бағзы Исфиджабтан жеткен Ибраһим ата, Қарашаш ана, Қызыр хазірет сияқты тарихи-рухани нысандарды сақтау қажет. Сондықтан көне Сайрам мен Созақтағы рухани ескерткіштерді сақтау ісін Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайына тапсыруды ұсынамыз. Әулие ата мен Жетісу, Арқа мен Сыр бойы және өзгеде өңірлерде жағдай осыған ұқсас.