Сенаторлар жайылым мәселесіне қатысты заң жобасын мақұлдады

Жайылымды ешкім заңсыз иемдене алмайды.

Бүгін Сенаторлар жайылым тапшылығы мәселесін шешуге қатысты заң жобасын мақұлдады. Енді шалғайдағы жайылымдарды 5 жылға тегін иемденуге ешкім мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар жайылымға иелік ететіндер бұл жерлерді кем дегенде 50%-ке пайдалануы керек. Егер пайдаланған жерлерде мал аз болса, мемлекет ол жайылымды жер алқабы жетіспейтін басқа фермерге бере алады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Соңғы жылдары ауыл тұрғындары арасында жайылымдық жерлер мәселесі жиі көтеріліп жүр. Осы өзекті проблемаларды назарға алып, Сенаторларымыз бірқатар заңнамалық өзгерістерге бастамашылық жасады. Атап айтқанда, жайылымдардың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз етуге және оны ұтымды пайдалануға арналған жаңа ережелер топтамасы мақұлданып отыр. Сондай-ақ жердің құнарлығын сақтауды көздейтін тың түзетулер енгізілді. Қаралған заң жайылымдарды басқару, пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге және елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосады деп сенеміз.