«Қандас» мәртебесін беру тәртібі жетілдіріледі

Енді «қандас» мәртебесін алу үшін өтініш білдірген адамдардың ұлты қазақ екенін анықтау тәртібі жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді.

Мәжіліс халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіру жобасын екінші оқылымда қабылдады. Сонымен қатар еңбек мигранттарына бір айдан, 12 айға дейінгі кез келген мерзімге жұмысқа рұқсат алу мүмкіндігі беріледі.

Елде азаматтық алу үшін қойылатын талаптар күшейтіледі. Өтініш беруші  енді мемлекеттік тілді, Ата Заңды және Қазақстан тарихын білуі тиіс. Ал қазақстандықтардың жесірлері тұрғылықты мерзіміне қарамастан жеңілдетілген тәртіппен азаматтық ала алады. Сондай-ақ еңбек мигранттарына да бірқатар жаңа мүмкіндік қарастырылып отыр. Соның ішінде оларға бір жылға дейінгі кез келген мерзімде жұмыс істеу құқығы беріледі.

Жарқынбек Амантайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Елдің тарихын білетін адам, тілін білетін, заңын білетін адам тез бейімделеді ғой. Соған жол ашады. Екінші, еңбек миграциясы. Бұрын 3 ай, 6 ай, 9 ай деген мерзімдермен келетін. +Енді қазір бұл мерзімді 12 айға дейін деген мерзім қойдық. Шетелдік азаматтың кінәсінен емес, басқа себептермен елден шыға алмай қалған жағдайында оның уақыты, әсіресе төтенше жағдайлар кезінде автоматты түрде ұзартылады.

Заң аясында «қандас» мәртебесін беру тәртібі оңтайландырылады. Этникалық қазақтардың ұлтын растау үрдісімен енді жергілікті атқарушы органдар айналысады. Бұған қоса, еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударушыларға ешқандай конкурссыз-ақ жер телімі беріледі.

Асқарбек Ертаев, ҚР ЕХӘҚМ көші-қон комитетінің төрағасы:

- Паспортында көрсетілмеген этникалық қазақтар Түркиядан, Ауғанстаннан, Пәкістаннан келіп жатыр. Ұлтты анықтау үшін жергілікті атқарушы органдар арнайы комиссиялар құрып, сондай жұмыстар ұйымдастырады. Солтүстікке көшеміз десе, оларға жаңа түзетулер қарастырылған жер беру жағынан. Біріншіден, 5 жылға жалға беріледі. Егер қоныс аударушы солтүстік өңірлерде 5 жылдан көп тұрса, берілген жер уже жекеге аударуға болады.

Көші-қон үрдісі кезінде педофилдерге, экстремистер мен лаңкестерге Қазақстанға кіруге қатаң тыйым салынып отыр.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Тәуелсіздік алғалы бері елімізге 1 млн-нан астам этникалық қазақ оралған. Биыл бұл бағытқа тағы 2,5 мыңға жуық квота бөлінді. Жылдың алғашқы айының өзінде 1300-ден астам адам атамекеніне оралып, «қандас» мәртебесін алып үлгерді.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Нұрғали Мамырбаев