Қоқысқа көмілген Қостанай
Қостанайда қазір қоқыс мәселесі өзекті. Бір кездері тазалығымен танылған шаһарда лық толы қоқыс жәшіктері, шашылған қағаз, қалбырлар үйреншікті көрініске айналып бара жатыр.
Облыс орталығында тұрмыс қалдықтарын шығарумен жалғыз серіктестік айналысады. Бар кінә қазір соларға артылып отыр. Ал олардың да айтар өз уәжі бар.
Бұл қоқыс полигоны немесе қаланың шет аумағы емес, Қостанайдың нақ ортасы. Айналасында көпқабатты үйлер, ту сыртымда қазақ-француз орталығы, одан әрі орталық саябақ. «Осы аумақтағы жалғыз қоқыс төгетін орын үнемі қобырсып, қоқыс шашылып жатады», - дейді жергілікті тұрғындар.
Дәмір Әбіш, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Неге жұрт жәшікке салмайтынын, неге оны алып кетпейтінін білмедім. Бұрын жап-жақсы істелетін, алып кетіп тұратын. Кейінгі кездері осындай пайда болды. Неге екенін білмеймін, ешкімде жауапкершілік жоқ. Оны сұрап жатқан ешкім жоқ, талап етіп жатқан ешкім жоқ.
Қалада қоқыс жинаумен жалғыз «Тазалық» серіктестігі айналысады. Яғни бұл салада бәсекелес орта жоқ. Монополист мекеме иесінің де айтар өз уәжі бар. Ауа райының күрт бұзылуынан көліктері аязда қатып, қалың қарға батып, шыға алмаған. Тұрғындардың үштен бірі «Тазалықпен» келісімшарт жасаспаған.
Александр Кушнир, "Тазалық-2012" ЖШС директоры:
- Қала үлкейіп келеді. Статистикалық мәліметке сүйенсек, бүгінде облыс орталығында 286 мың адам тұрады. Соның 186 мыңы ғана бізбен келісімшартқа отырды. Соған қарамастан бүкіл қаланы қамтып отырмыз. Белгіленген нормадан екі есе көп тұрмыс қалдығын шығарамыз.
Айта берсе қоқысқа қатысты түйінді мәселе аз емес. Жаңа экологиялық Кодексте 2030 жылға дейін тұрмыс қалдықтарын қайта өңдеу көрсеткішін 40 процентке жеткізу көзделген. Ал облыс аумағында ашылған қоқысты сұрыптау, өңдеу алаңдары қазір тұралап, тоқтап тұр. Кәсіпкерлер «кірісі тым төмен» дейді. Бұл мәселелерді Үкімет денгейінде, заңдық негізде шешу керек деген ұсыныс айтылды.
Ольга Березуцкая, "Қазақстан халық партиясы" ҚБ ҚОФ төрағасы:
- Қоқыс шығаратын, басқа да коммуналдық кәсіпорындар әр үйде қанша адам тұратындығын анықтаумен, оларды іздеумен айналыспауы керек. Тұрғындардың бірегей электронды базасы құрылуы керек. Сонда тиесілі ақыны талап етіп, есебін жүргізуге болады. Бұл заң жүзінде реттелмеген.
Облыс басшылығы «Тазалық» серіктестігіне көмек-қолдау көрсетуге дайын. Өз кезегінде олар жақын арада жағдайды түбегейлі түзеуге міндетті.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Үш автокөлік, бес жүз еуро-контейнер алуға «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы несие бөлуге дайынбыз. Бұл кәсіпорынның жұмысын жақсартып, қала тазалығын қамтамасыз етуге үлкен сеп болары сөзсіз.
Қостанайда қоқыс шығару тарифі айына адам басына 480 теңге. Қазір ол қайта қаралып жатыр, алдағы айларда төлемақы өсуі әбден мүмкін.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг, Ермек Мұхамедияров, «24.KZ», Қостанай.