Елордада 8 хостел жабылды
Астанада төтенше жағдайлар департаментінің жоспардан тыс тексерісінен соң 8 хостелдің қызметі кәсіпкерлердің өз еркімен тоқтатылды.
Онда өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмаған. Мұндай талаптарды орындамаған, өзге де бизнес нысаны иелеріне, ескерту берілді.
Сейфуллин көшесіндегі бұл хостел тұрғын үй кешенінің төменгі қабатында орналасқан. Өрт шықса, бизнес нысанымен қоса, баспананы қызыл жалын шарпуы мүмкін. Қаңтарда жүргізілген тексеріс барысында-ақ қауіпсіздік талаптары сақталмағаны анықталыпты. Ол кемшіліктерді жоюға бір ай мерзім берілген.
Нұржан Сағындықов, хостел әкімшісі:
- Бүкіл сигнализацияны қосып, бүкіл план эвакуацияны іліп қойдық. Бүкіл кемшіліктер жойылды.
Елордада 90-ға жуық хостел бар. Пәтер мен қонақүйге қарағанда арзан болғандықтан жұмысшылар, студенттер және туристердің бірқатары осындай жатын орынды таңдайды. Ал бизнес нысандарының иелері олардың қауіпсіздігіне атүсті қараған. Қатаң ескертуден кейін ғана талаптарды орындай бастады.
Дана Есмағанбет, хостел әкімшісі:
- Тиісті талаптарды орындадық. Өрт сөндіру құралдары мен дабыл түймесі орнатылды. Келушілерді эвакуация жоспарымен таныстырамыз.
Қаңтар айының аяғынан бастап елордалық төтенше жағдай қызметкерлері 70 хостелді тексеріп шықты. Солардың екеуі ғана талапқа сай келген.
Мирас Қадыржан, қалалық ТЖД аға инженері:
- Эвакуация жоспарының болмауы және бірінші өрт сөндіру құралдарының болмауы, өрт сигнализациясының болмауы сияқты бұзушылықтар болды. Сегіз хостел өз еркімен жұмыстарын тоқтатты. Алматыда болған жағдайдан кейін хостелдердің басшылары айтылған сындарды ескеріп, өздері жұмыс жасап жатыр.
Олқылық анықталған хостелдердің иелері тиісті мерзім ішінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етпесе, материалдар сотқа жолданады.
Еркебұлан Смадияров, Серік Қоңырбаев, 24.KZ.