Интернет алаяқтық өршіп тұр
Биыл Ақмола облысының 100-ден астам тұрғыны интернеттегі алаяқтардың құрбаны болды.
Оңай олжаға құныққандар жалған жарнама беріп, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып аңқау жұрттың есепшоттағы ақшасын сыпырып алған. Ал полицейлер не дейді? Киберқылмыстан қорғану үшін аймақта қандай шаралар қолға алынды?
Алаяқтар Степногорск қаласының тұрғыны Ольга Коломиецтің атынан 8 жарым миллион теңгеге онлайн несие рәсімдеген. Банктің қауіпсіздік қызметінің маманы ретінде хабарласып, әлдекімдер оның атынан қарыз алғанын хабарлаған. Бұған сенген тұрғын қашықтан мобильді қосымшаны жүктегенде қылмыскерлер ақшаны бірден жалған есепшотқа аударған.
Ольга Коломиец, Степногорск қаласының тұрғыны:
- Не болғанын өзім де түсінбей қалдым. Іші-бауырыңа кіріп, жаны ашып сөйлегеніне қарап банк қызметкері деп ойладым. Сол кезде еңбекақым 140 мың теңге болғанына қарамастан олар үш несиеге ай сайынғы төлемді 340 мың теңге деп есептеп, тақырға отырғызып кетті.
Елена Куликовская да дәл осылай алаяқтардың тұзағына түскен. Болары болып, бояуы сіңген соң банкке барғанымен нәтиже болмаған. Ал Станислав Прищемихинның анасы тағам дайындау курсына қатысқан. Ақыр соңында бір жарым миллион теңгенің несиесіне кіріп кеткенін байқамай қалған.
Елена Куликовская, Степногорск қаласының тұрғыны:
- Банктің қауіпсіздік қызметіне хабарласып, алаяқтар ақша аударғалы жатқанын айттым. Олар картаны бұғаттай алмаймыз, бұл үшінші адамға тиесілі екенін жеткізді. Кейін несиені тек екі айға шегере аламыз деді. Бұл маған не керек? Кәмелетке толмаған екі балам бар. Жұмыс істейтін өзім ғана. Үйім де, күйім де жоқ.
Станислав Прищемихин, Степногорск қаласының тұрғыны:
- Анам келісімшартқа қарамаған. Несие деп мүлде ойламаған. Жасы 74-те, психикалық ауруы бар. Мен мән-жайды білген бас прокуратураға шағым жаздым. Олар басқа инстанцияларға сілтеді.
Қазір полиция осы фактілер бойынша интернет алаяқтарды іздеп жатыр. Олардың айтуынша, киберқылмыскерлер адамдарға Hope to desk және anydesk мобильді қосымшалары арқылы қашықтан онлайн несие рәсімдеген.
Ермек Манатов, ПД киберқылмыспен күрес бөлімінің бастығы:
- Ақша алаяқтар алдын ала әзірлеген есепшоттарға жіберілген. Қазір қылмыстық істер санкцияланды, жауап келді. Банк шоттарының иелері анықталды. Оларды жедел іздеу шарасы жүргізіліп жатыр.
Оңай олжаға кенелгендерді құрықтау да оңай емес. Олар қылмысты басқа қалада немесе басқа елде отырып жасайды. Зардап шеккендер де кеш шағымданады. Бұл іздеуді қиындатады. Мысалы былтыр 1121 кибер қылмыстың тек 17 пайызы ғана ашылған.
Ермек Манатов, ПД киберқылмыспен күрес бөлімінің бастығы:
- Интернет алаяқтарды тек ақпараттық жүйелерде қалдырған ізі арқылы табуға болады. Бұл - ақшаны жіберген банктің есепшоты. Екінші деңгейлі банктермен де бірлесе жұмыс істейміз. Егер шағым 30 минуттың ішінде түссе, шотты бұғаттауға болады.
Өңір тұрғындарын кибер алаяқтардан қорғау үшін аймақта «Anti-fraud» жедел алдын алу шарасы басталды. Оның аясында тек бір күнде 13 интернет алаяқтықтың беті ашылған.
Авторлары: Азамат Қасым, Аслан Әбутәліпов, Виктор Полянный