Азаматтардың жеке дерегін заңсыз сатпақ болған адам сотталды

ҚР азаматтарының жеке деректерін заңсыз алған қылмыскерге үкім шықты. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

Қылмыстық кодекстің 147-бабы 3, 4-бөліктері, 205-бабы 2-бөлігі және 208-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылықты жасауда кінәлі деп танылған Қазақстан азаматына қатысты Ақтау қаласы сотының үкімі заңды күшіне енді. Ол 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді – делінген хабарламада.

Тергеу барысында оның елдің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының маңызды нысандары саналатын мемлекеттік ақпарат жүйелеріне заңсыз қол жеткізуді жүзеге асырғаны анықталды.

Фигуранттың ақшалай сыйақыға одан әрі үшінші адамдарға беру үшін ҚР азаматтарының жеке деректерін заңсыз алу фактісі толық дәлелденді.