Педофилге аяушылық болмайды

Енді кәмелет жасқа толмаған баланың өмірін қиғандар өмірбақи түрмеде отырады.

Бүгін Мәжілісте әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжатқа сәйкес, педофилдерге аяушылық болмайды. Балаға қиянат жасағандар да түрмеден шықпайды.

Заң жалпыға ортақ. Енді әйелін ұрып-соққандар 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Адамның қадір-қасиетін аяқасты етуге ешкімнің құқы жоқ. Әсіресе әйелдер мен балаларға зәредей қиянат келтіргендер қатаң жазаланатын болды. Балаға қастық жасағандар өмір бойына сотталады. Уәкілетті органдар зәбір көргендердің өтінішін күтпей кез келген айғаққа сүйеніп, шара қолдана алады. Сондай-ақ суицидке итермелегендер мен насихаттағандар 9 жылға сотталады. Қылмыстық Кодекске осындай өзгеріс енгізілмек.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұның барлығы отбасы институтын нығайтуға бағытталған. Басты назар аударуға тиіс мәселе - жаңа Заң шаңырақты шайқалтуға емес, отбасын нығайтуға бағытталған. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін шешу қоғамның барлық деңгейінде бірлескен күш-жігерді қажет етеді. 

Депутаттар қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түрін айыптайтын құқықтық сана-сезім қалыптастыру керек, деп отыр. Бұл мәселе Президенттің тікелей назарында. Мемлекет басшысы бұған дейін талай мәрте елімізде «заң мен тәртіп» қағидатының берік орнауын қалайтынын айтқан болатын. Әрі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдатуды тапсырған. Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдері жетілдірілді.

ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

«Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдерін қайта қарадық. 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көшті. Яғни мұндай қылмыстарға қатысты іс қозғау үшін зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамның арызы қажет емес. Тұр­мыстық зорлық-зомбылық жаса­ғандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды».

Депутат Елнұр Бейсенбаев педофилдерге қатысты жазаны күшейтуді тағы да талап етті. Бұл қылмысқа барғандарға хирургиялық кастрация жасау керек екенін айтты.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заң жобасын екінші оқылымға дейін дайындау кезінде педофилдерге хирургиялық кастрация бойынша Үкімет өзінің түзетуін қайта қарастыруға дайын ба?

Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Енді педофилдерге қатысты өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы нақты қолданылады. Яғни егер ол өмір бойына бас бостандығынан айырылса, хирургиялық кастрация жасаудың қажеті бар ма? Екіншіден, азаптауға қарсы конвенцияға Қазақстан қосылған. Бұл тұрғыда сұрақты Ішкі істер министрлігіне емес, Әділет министрлігі мен Бас прокуратураға бағыттаған дұрыс болады. Үшіншіден, осы медициналық сұраққа Денсаулық сақтау министрлігі жауап бергені жөн болар, яғни кастрацияны кім жүзеге асырады және оны қалай атқарады? Жалпы мен Үкімет үшін жауап бере алмаймын. Бірақ түзетуді қазір жолдасаңыздар, біз оны барлық органдардың қатысуымен талқылаймыз. 

Заң жобасы жалпы қоғамдағы отбасы институтын нығайтуға бағытталып отыр. 

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заң жобасында отбасы институтын нығайтуға, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оның ішінде барлық үлгідегі және нысандағы балаларға арналған интернаттық ұйымдарды мемлекеттік бақылаудың ерекше тетіктерін енгізу арқылы қамтамасыз етуге, балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер және білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін мекемелерді лицензиялаудың міндеттілігіне бағытталған құқықтық нормалар көзделеді. 

«Әкең келе жатыр!». Депутат Ермұрат Бапи әкенің ролін көтеру үшін "Отағасы туралы" заң қабылдауды ұсынды. Депутаттар әріптесінің ұсынысын қошеметтеп, қолдады. Осылайша қоғамда әкелердің ролін арттыру қажеттігін жеткізді.

Ермұрат Бапи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл заң жобасы негізінен жалпы қазақстандық мүддені қорғайды ғой... Бұл жерде ұлт, ұлыс деген жоқ. Бірақ назарымыздан шығармайтын бір мәселе бар. Қазақстан халқының 70%-дан астамы қазақ екенін білеміз. Осы залда отырғандардың көпшілігі “әкең келе жатыр”, “осыдан әкең келсін, әкең сазайыңды береді” деген тәрбиемен өстік. Осы тұрғыдан келгенде бір әкенің, ер азаматтың ролін көтеру үшін бәлкім отағасы туралы заң қабылдауымыз керек шығар?!

Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешу қоғамның барлық деңгейінде бірлескен күш-жігерді қажет етеді. Депутаттар «айрандай ұйыған жанұялардың шаңырағы шайқалмаса екен» дейді. Алайда ыдыс-аяқ сылдырынан зардап шеккендер азаймай тұр. Құқық қорғау органдарының мәліметіне сүйенсек, жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 300-ге жуық әйел зардап шегеді екен. Кемінде 80 әйел көз жұмады. Заңға енгізілген қатаң шаралар, сондай қылмыс­тардың тамырына балта шауып, біржола тосқауыл қоюды көздейді.

Айнұр Қуатқызы, Жарқын Өрден