Қараөткелдің қымызы-ай!

Қыста да қымыз үзілмейді. Астананың іргесіндегі Қараөткел ауылындағы жұртшылық осындай аязды күндері де бие байлап, қымыз сапырып отыр.

Жылқы – қазақтың жаны ғой. Ал қымыз дертке шипа, жанға дауа. Рас,  қымызды қыста да ішеміз. Бірақ жазға қарағанда оны баптап ұстаудың бейнеті көп. Осындай тәуекелге барып отырған кім екен?

Гүлнар Шәріпова – 40 жылдай күбі пісіп, қымыз баптап келеді. 60-тан асқан ана әлі күнге 6 биені өзі сауады. Қымыз бұл үйден қысы-жызы үзілген емес.

Гүлнар Шәріпова, сауыншы:

- Күніне 6 мезгіл сауамын, таңертең бірінші сауын 9-да, 2 сағат сайын, сосын кешкі 7-де сауамыз да, биелерді ағытамыз. Күніне әртүрлі болады. Бір күні 1 литр береді, бір күні 5 литр, бір күні 10 литр болып кетеді. Асау биелер кездеседі, биеден таяқ жеген кездеріміз болды, ал былай қиыншылығы жоқ.

Сабадағы сары қымызға сұраныс мол. Гүлнар апаның айтуынша, жұрт қымызды той-томалақ қана емес, дертіне шипа болсын деп те іздейді. Сол себепті әр сауым сайын кезек күтетін жұрт көп.

Эльмира Ахатова, сатып алушы:

- Балама тромбоцитопения деген диагнозды қойды. Сол үшін 10 күн бойы саумал ішеді. Енді 10 күн өтіп кетті. Бүгін соңғы күн. Сауғаннан кейін жылы күйінде 15 минуттың ішінде ішеді.

Мамандардың айтуынша саумал бірден аурумен күреспейді. Тек сіздің иммундық қорыңызды көбейтеді. Яғни сіз ауырған жағдайда саумал не қымыз ішкен кезде сіздегі жетіспейтін витаминді толықтырады. Сол кезде сіздің ағзаңыз еш дәрі-дәрмектің көмегінсіз, ұдайы аурумен өзі күресе береді.

Қараөткелде қыстың өзінде бие байлап отырғандар көп. Бұл бір жағынан ауылдағы кәсіпкерлікті де дамытып отыр.

Талаптан Дауылтаев, Қараөткел ауылдық округінің әкімі:

- Жұмыспен қамту көбіне жеке кәсіпкерлерде. Қазір малшаруашылығы бар. Оның үстіне қазір жылқы ұстап отырған 27 отбасы бар. Қымыздарын сауып күнделікті кәсібін айналдырып отыр. Сол кісілер де жұмысшылар алады. Жұмыспен көбінесе кәсіпкерлер қамтып отыр.

Әкім ауылда жұмыс табылатынын айтады. Тек Астананың іргесінде тұратын жұрттың көбі табысы көп қызмет іздейді. Әйтпесе осы жылқы ұстап отырғандардың өзі жұмыс беруге әзір. Осы Қараөткел ауылында қыстың өзінде 4 қымызхана жұмыс істеп тұр.

Әлішер Әли, Ырыстанбек Оспанов, 24.KZ