Алматыда сейсмикалық жаттығуға 600 мың адам қатысты

Дабыл даусы және тағы бір афтершок.

Бүгін Алматыда өткен жалпықалалық сейсмикалық жаттығуға 600 мың адам қатысты. Таңертеңгі 10.00-де дабыл соғылып, телеарналарда автоматты түрде хабарландыру жүйесі іске қосылды. Ал оннан сегіз минут кеткенде Қытай аумағында тағы бір афтершок тіркелді. Жер сілкінісі Алматыда 2 балдық күшпен сезілді.

«Жалпықалалық сейсмикалық жаттығу үш кезең бойынша өтті. Дабыл даусы қосыла сала ғимарат ішіндегі адамдардың бәрі сыртқа шығарылды. Төтенше жағдай кезінде әрекет ету алгоритміне сәйкес, бірінші кезекте тұрғындар эвакуация жасалып, қауіпсіз орынға жеткізілді. Жер сілкінісі кезінде қосымша факторлар орын алуы мүмкін», - дейді мамандар. Мәселен, өрт шығып, жарақат алатындар болады. Оқу-жаттығуда өртті сөндіру, алғашқы көмек тәсілдері көрсетілді.

Бекболат Бұғабаев, қалалық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:

- Сеймсожаттығудың ең алғашқы мақсаты – халықтың қауіпсіздік мәдениетін көтеру. Бұл жерде әр районда сейсмикалық қауіпті аймақта тұрған адамдардың ең бірінші мақсаты – он қарапайым қадамын білу керек. Он қарапайым қадамын білетін болса төтенше жағдайларға да дайын болады.

Он қадамды құтқарушылар үнемі айтып келеді. Бүгін де қаперге салды. «Ең бірінші үрейленбеу керек. Баспалдақ пен лифт қауіпті. Жер тербелісі тоқтағанша ғимарат ішінде қалу керек, тек содан кейін ғана сырттағы ашық алаңға шығу керек», - дейді мамандар. Төтенше жағдай кезіндегі қарапайым он қадамның бірі – дабыл дорбасын ұмытпау. Ол әр отбасында болуы тиіс. Алматыда осы дабыл дорбасын сатушылар көбейді. Әлеуметтік желілер мен банк қосымшаларында неше түрі тұр. Бағасы 9 мыңнан 80 мың теңгеге дейін. 

Санжар Абдығаппар, тұрғын:

- Жер сілкінісі өте күтпеген уақытта болады, түн ішінде немесе өте ерте таң ата болады. Сол себепті сумканы біз адамдарға жататын бөлмеде кроваттың жанында ұстауды ұсынамыз. Өйткені жатқан уақытта адам землятресениені сезген кезде бірінші алатын заты осы сумка болуы керек. Өйткені бұл сумка сол уақытта ең керекті заттардың бірі болып табылады.

Сейсмикалық жаттығудың үшінші кезеңінде зардап шеккен, үйсіз қалған азаматтарға арналған палаткалар құрылды. Бұл жерде қажет жағдайда ыстық тамақ, жылы киіммен қамтамасыз етіледі. Айта кетейік, қала бойынша мұндай 384 пункт бар. Олар балабақша, мектеп пен университеттерде орналасқан. 

Самажан Өмірзақов, университет президентінің кеңесшісі:

- Қызмет атқаратын қызметшілер студенттер ол құрылған орталықтардың  және штабтар қызметтерімен, қай жерге қандай қоңырау шалу керек, қандай телефон арқылы бәрі біледі. Жалпылама біз 3 ай сайын өткізген кезде тек қана студенттерге нұсқаулық жұмыстарын жүргізбейміз. Бұрынғы өткізілген шаруаларда, студенттің қалай меңгергенін тексеру үшін біз соған тәжірибе жүзінде студенттерден жасап көрсетуін өтінеміз.

Сейсмикалық жаттығу қаладағы 700-ге жуық нысанда ұйымдастырылды. Мамандардың айтуынша 600 мыңнан астам тұрғын төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік пен аман қалу туралы ақпараттармен қамтылды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев, Эдуард Кон