«Жасыл экономикаға» көшу тетіктері
Заманауи энергия көздері қазақстандықтарға қолжетімді болуы керек.
Ол үшін баламалы қуат көздеріне баса мән беріп, «жасыл экономикаға» көшудің жүйелі тәсілдерін қалыптастыру аса маңызды. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның төртінші отырысында айтты. Тозығы жеткен электр желілеріне тоқталып, әріптестерін ортақ мақсаттарға жету жолында күш жұмылдыруға шақырды. Жиында қатысушылар бірлескен жұмысты әрі қарай жандандыруға қатысты тың бастамаларға тоқталып, ұсыныстарын айтты. Олардың іске асырылуы алдағы кездесулерде талданып, сарапталады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Электр энергиясын өндіруге, генерацияға ауқымды инвестиция қажет. Елімізде газдандыру ісі әлі де болса маңызды міндет болып қалып отыр. Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі де өте төмен екенін айта кеткен жөн. Мемлекет басшысы атап өткендей, «жасыл экономиканы» дамыту – еліміздің қазіргі күн тәртібіндегі негізгі басымдық болуы қажет. «Жасыл экономикаға» көшу халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және қоршаған ортаға жүктемені азайтып, табиғи ресурстарды үнемді пайдалануға мүмкіндік береді. Осы мақсатқа қол жеткізуге ықпал ету – депутаттық корпустың негізгі міндеттерінің бірі.