Қызылорда облысының 7 ауылында электр желісі тозған
Жалағаш ауданында электр желісінің 45% тозып тұр, деп хабарлайды 24KZ.
Мырзабай ахун, Темірбек Жүргенов және Есет батыр ауылындағы қосалқы стансалар жарты ғасыр бұрын орнатылған. Тозған жабдық жиі істен шығады, – дейді тұрғындар. Біраз жылдан бері қордаланған мәселе қашан шешімін табады?
Бағаналар қисайып, сымдар салбырап тұр. Мырзабай ахун ауылында жылдар бойы жаңаратылмаған желілердің қазіргі жағдайы осындай. «Жарық жиі сөнеді. Ауа райы бұзылған күндері сағаттап ток көзінен ажырап қаламыз», – дейді ауылдықтар. Бұл мәселені аудан басшысының есептік жиындарында талай мәрте көтерген. Алайда нәтиже жоқ.
Амангелді Арынов, ауыл тұрғыны:
- Ауыстыруға келді енді, 50-60 жылдан бері тұрған дүниелер ғой. Кей жері жарамсыз, «монтерлерді» шақырып, сөйтіп жөндетіп жатырмыз. Балалар жүреді, оқушы балалар бар. Өте қауіпті жерлер бар еді.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Ауылдың шеткі жағына ондаған тұрғын үй салынғанымен, мұнда жарық желілері тартылмаған. Тұрғындар бұл мәселені өздері шешуге талпынған. Мысалы, мына бағананың сиқы осындай.
Бағананың орнына ағаш бұтағын пайдаланған. Соңғы жылдары жаңа үйлер көбейіп, аумағы кеңейе түскен ауылда мұндай көріністі жиі кезіктіруге болады. Мамандар: «Мырзабай ахун ауылындағы жарық мәселесін биыл шешеміз», – деп отыр.
Әліби Байнахатов, аудан әкімінің орынбасары:
- Мырзабай ахун ауылының жоба құны – 141 миллион 200 мың теңге. Темірбек Жүргенов ауылының жоба құны – 435 миллион 100 мың теңге. Есет батыр ауылының жоба құны 338 миллион 700 мың теңге болып отыр. Онда барлық электр желісі, бағаналары, сонымен қатар трансформаторлары толық ауысатын болады.
Мұнан бөлек, Жалағаш ауданында тағы 4 ауылдың электр желісін жаңғырту үшін жоба құжаттарын дайындауға қаржы бөлінген. «Бұл жұмыс атқарылғаннан кейін аудандағы электр мәселесі толық шешімін табады. Сонымен қатар облыс бойынша электр желілерінің 66% тозу көрсеткішін төмендетуге де септігін тигізеді», – дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.