Абай облысында мал бордақылау алаңы көбейді

Абай облысының Ақсуат ауданында мал бордақылау алаңы көбейді, деп хабарлайды 24KZ.

Үйінің ауласында төрт түлікті жемдейтін орын ашып, отбасылық кәсіпке айналдырғандар бар. 50-ден астам тұрғын шаруасын дөңгелетіп отыр.

Көкжыра ауылында мал бордақылайтын 12 алаң бар. Елді мекен тұрғыны Самат Қондықбаев 10 жылдан бері осы іспен айналысады. Шаруа жеке қорасында сиырларды 8 ай бойы жемдеп, нәсібін көріп отыр.

Самат Қондықбаев, Көкжыра ауылының тұрғыны:

- 8 бас, 10 бастан басталған. Қазір, Аллаға шүкір, ақырындап ұлғайып келеді. Жылына 35, 25 мал қойылады. 7, 8, 9 айлық бұзауда 70 келі, 80 келі салмақ болады. Сатқан кезде 140, 130, 150 болады.

Екпін ауылының тұрғыны Қайырлы Хасенов жылқы бордақылайды. Жыл сайын 60-70 жұмыр тұяқтыны жемге қояды.

Қайырлы Хасенов, Екпін ауылының тұрғыны:

- Қыс кездерінде қазан, қараша айынан бастап мамыр, маусым айына дейін жылқыны бордақылауда ұстаймыз. Өйткені жылқы жайылымнан шығатын болғандықтан, қыс кезінде семіз жылқылар аз болады. Семіз жылқыға сұраныс болғандықтан, соған малды дайындап береміз.

Ауданда соңғы жылдары мал бордақылайтын ірі алаңдар көбейген. Шаруалар ірі қараны асылдандырғаны үшін субсидия алады.

Еркебұлан Шотбаев, Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- 50 бастан жоғары істеп тұрған 12 мал бордақылау алаңдары тіркелген. Олардың ең көбі – 4 мың бас. Ең азы – 50 бас. Ішінде 100 бас, 200 бас, мың бас, мың жарым бастықтар бар. Малды қойып, бордақылап, үлкен бордақылау алаңдарына өткізсе, тірі салмағына 200 теңге субсидия беру қарастырылған.

Қазір облыста 25 мыңнан астам мал бордақыда тұр. Ал Ақсуат ауданында төрт түліктің сапасы ғана емес, саны да артқан. Өңірде 115 мың ірі қара, 196 мың қой, 28 мың жылқы бар.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.