Ауылдардағы медициналық нысандардың құрылысы баяу жүріп жатыр
Ауылдық жерлерде медициналық нысандардың құрылысы тым баяу жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Үкімет басшысы жауапты министрлік пен жер учаскелерін уақытылы бөлмей отырған жергілікті әкімдіктердің жұмысын сынға алды. «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде былтыр 309 емдеу мекемесі тапсырылуы тиіс еді. Алайда әу бастағы жоспар іске аспай, 99 нысанға дейін қысқарып қалды. Оның өзінде 7 мекеменің құрылысы әлі күнге дейін аяқталмаған.
Ауылдағы ағайын үшін салынып жатқан нысандардың құрылыс жұмыстары баяу жүріп жатыр. Әкімдіктер жер телімін уақытылы бермейді. Ол үшін түрлі сылтау айтады. Үкімет отырысында Премьер-министр ұлттық жоба аясында жүзеге асуы тиіс жұмыстардың қарқынын едәуір жеделдетуді тапсырды. Әр нысанның құрылысы нақты мерзімде аяқталып, пайдалануға берілуі қажет.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Былтыр әкімдер типтік жобаларды жергілікті жерге байланыстыру тиіс еді. Ол жұмыс та аяқсыз қалды. Қазіргі таңда 239 объектінің жобалық құжаттамасы дайын. 109 бойынша ғана мердігер компаниялар айқындылды. Қалғандары нақты істен гөрі жалаң сөз күйінде қалып отыр. Ал құрылыс жұмыстарын алдағы наурыз-сәуір айларында бастау қажет.
Отырыста саладағы маман тапшылығы да сөз болды. Жауапты ведомство басшысы қордаланған мәселені шешу жолдарымен бөлісті. Айтуынша, биылдан бастап аудандық ауруханаларға 500-ге жуық дәрігер мен 300-ден аса жас маман барады.
Оларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Бұл өңір қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Жалпы мыңнан аса білікті кадрды даярлап, қатарға қосу көзделіп отыр.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Ұлттық жобаның бірінші міндеті шеңберінде барлығы 655 МСАК салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 92 МСАК құрылысы аяқталды. Жетеуінің жоба мерзімдері бұзылып, биылғы жылы аяқталады деп күтіліп отыр.
Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетіп, жағдай жасау үшін заманауи нысандар әлі де бой көтереді. Мысалы, елорданың өзінде 2 перинаталдық орталық салынады.
Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:
- Статистикаға сәйкес қалалық стационарлардағы орындардың 17%-тен астамын басқа өңірлерден келген науқастар пайдаланып жатыр. Біз қосымша денсаулық сақтау нысандарына қажеттілік бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан үшінші көпсалалы аурухана мен екі перинаталдық орталықты салу мәселесі өзекті болып тұр.
Демографиялық өсімді арттырып, ана мен бала денсаулығын қорғауға қашанда басымдық беріледі. Бұл бағытта бас қалада осы жылы екі перинаталдық орталықтың құрылысы басталады. Көпбейінді аурухана бойынша жобалау жұмыстары да биыл аяқталуы тиіс. Құрылысы алдағы жылы басталады.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ерлан Наурызбаев.