Сайран көліне құстар оралды
Алматылықтар жергілікті фаунаның қайта қалпына келе бастағанына қуанышты.
Қазір көлде аққұтан, үйрек-қаз жүзіп жүр. Тұрғындардың айтуынша, құстар су айдыны тазарған соң келе бастаған.
Еске сала кетейік, Сайранның түбін тазалау 2022 жылы қолға алынды. Жан-жағын көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары келесі жылға дейін жалғасады.
Мегаполис ортасындағы оазис. Қазір алматылықтар Сайранды осылай атайды. Расында алып шаһардың қақ ортасындағы шағын айдында аққұтан ұшып, үйрек-қаз жүзіп жүр. Құстар бұған дейін де болған. Бірақ соңғы жылдары көл лайланып, түбі ластанып кеткен соң көрінбей кеткен. Оған қоса сол маңда тұратын жұртшылық тұнба мен қамыстан шіріген иіс шығатынын айтып әкімдікке шағымданған. Айтатындай жөні бар, көл түбі 50 жылдан бері тазаланбаған.
Есбол Әбділдәбекұлы, Қалалық экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы:
- 1971 жылдан бері ешқашан тазаланбаған көл. Сондықтан біз бірінші рет тазалау жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Тазалау жұмыстары жүргізілгенде 142 мың куб жерасты, көлдің астында пайда болған лай, соны тазалап алдық. 28 мың куб қоқыс шығарылды. Осы күнде Сайран аумағында абаттандыру жұмыстары басталды. Абаттандыру жұмыстары 2024-2025 жылдары аяқталады.
Александр мен Людмила Ефименко бұл жерге жиі келеді. Күн сайын құстар көбейіп келе жатыр, – дейді. Тіпті өздері санақ жүргізіпті. Осыдан біраз күн бұрын дәл осы маңнан 50 шақты үйрек пен 4 аққұтан санаған. Бүгін үйректің саны 100-ге жуықтады. Ал аққұтандардың тобына тағы біреуі қосылғанын айтады.
Александр Ефименко, қала тұрғыны:
- Осында туып өстім. Алматыны ешқандай қалаға айырбастамаймын. Қараңызшы, қандай әдемі! Бұрын мұнда құстар шулап жататын. Шағала көп болатын. Экологияны жақсартса, көлде құс та, балық та болады.
Людмила Ефименко, қала тұрғыны:
- Сайранда қайтадан тіршілік пайда бола бастады. Біз осы маңда тұрамыз. Күнде бір келіп кетеміз. Барлығы өзімізге байланысты ғой. Біз өзіміз суды ластамасақ, құстарға тиіспесек, қоршаған ортаны аялап ұстасақ, жақсы болар еді. Қараңызшы, керемет көрініс емес пе?!
Ал фотограф Дмитрий Доценко аққұтанның көкбас балықты аулап тұрған сәтін суретке түсіріп алған. Ол да мұнда жиі келеді. 2 млн тұрғыны бар қалада осындай жердің барын бәрі біле бермейді. Соны көпке танытқым келеді, – дейді.
Дмитрий Доценко, фотограф:
- Бірнеше күн бұрын аққұтанның балық аулап тұрғанын түсіріп алдым. Сәтті фотоны түсіру оңай емес. Оның үстіне күн суық. Құстың балық аулағанын 3 сағат күттім. Көл маңында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Кейін су толтырылса, құстар да, балық та көбейетін шығар деп ойлаймын.
Айта кетейік, Сайран 1971 жылы салынған жасанды көл. Бастауын Үлкен Алматы өзенінен алады. Жергілікті биліктің айтуынша, демалыс орны алдағы бір-екі жылда жаңа кейіпке енбек. Яғни жұрт жазда «Сайранға» келіп, жағажай жағалайды, ескекпен қайық еседі. Ал қыста сырғанақ тебеді. Оған қоса биыл қала аумағындағы Қарасу тоғаны мен Әуежай көлінің түбі тазартылады.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев.