Алматыда қандай ғимараттар жер сілкінісіне төзімді?
Бұл сұрақ қаланың кез келген тұрғынын мазалайтыны анық.
Мегаполисте қазір ғимараттардың сейсмотұрақтылығын тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Оның алдын ала нәтижесі қандай? Жер астындағы тектоникалық жарықшақтарға құрылыс салуға бола ма және оларда өмір сүру қаншалықты қауіпті?
Алматы қаласының сейсмикалық қауіптілігі – 9-10 балл. Бұл қазір ешкімге жасырын емес. Бұл өлшемдер топырақтың тығыздығына қарай анықталған. Мамандар: «Жұмыр тасты жерлер зілзала кезінде бекемдеу болады», – дейді. Шаһардың аумағын сейсмикалық микроаудандастыру картасында бұл жерлер сары түспен берілген. «Ал жерасты сулары жақын орналасқан аудандар, тау беткейі мен өзен жағасындағы жерлер қауіпті аймақ қатарында. Бұл жерлердің топырағы бос келеді», – дейді мамандар.
Мұхтар Хайдаров, сейсмолог:
- Бос топырақты жерлер жер сілкінісі кезінде сусып, топырақ құрамындағы үйкеліс жойылады. Мұндай топырақтар бірнеше секундта сұйық массаға айналады. Сондықтан қанша жерден берік құрылыс салсаңыз да, үй қисаяды. Қисайып қана қойса жақсы, құлауы да мүмкін. Сондықтан міндетті түрде топырақтың жағдайын ескеру керек. Мысалы, Терренкурда серуендеп жүргенде байқаймын, жағалауда тұрған жеке үйлер көп. Қатты жер сілкінісі болса, бұл үйлердің жағдайы қиын.
Сейсмология институты жасаған микроаудандастыру картасындағы тектоникалық жарықшақтар да қауіпті. «Бұл жарықшақтарда белсенді тектоникалық тіршілік бар», – дейді ғалымдар. Яғни орасан зор температура қысымындағы сұйықтықтар, газдар бар. Жер астындағы мұндай белсенді аймақты ескермей, арнайы есептеулерсіз құрылыс салу айтпаса да қауіпті.
Мұхтар Хайдаров, сейсмолог:
- Тектоникалық жарықшақтарға салынған ғимараттар, сыпайы түрде айтқанда, желге ұшқан капитал дер едім. Ал шындығында бұл ғимараттарда өмір сүру аса қауіпті. Жер астында үнемі қозғалыстар болып тұратындықтан, уақыт өте ғимаратқа механикалық әсері болады.
«Тектоникалық жарықшақтарда салынған құрылыстың сейсмикалық жүктемесі 1,5-2 есеге көп», – дейді Қазақ құрылыс-сәулет ғылыми зерттеу институтының басқарушы директоры Ералы Шоқпаров. Сондықтан кез келген тектоникалық жарықшақтарда салынатын ғимараттарға жеке құрылыс нормасы жасалады. Басты талап, нысан 9 қабаттан аспауы керек.
Ералы Шоқпаров, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ өндіріс бойынша басқарушы директоры:
- Алматы қаласындағы «разломдар» екі түрге бөлінеді. Активті және активті емес деп. Сондықтан осы жақында біз институт сейсмология мамандарымен жұмыс істегенде бүгінгі таңда Алматы қаласында орналасқан «разломдардың» көпшілігі активті емес. «Активті «разломдар» ол Жоңғар Алатауында, таулы аймақтарда орналасқан жерлерде», – деп бізді сендірді.
23 қаңтарда болған жер сілкінісінен кейін алматылықтардың көңілі алаң. Ара-тұра болған афтершоктарды сезіп тұрады. Төтенше жағдайлар қызметіне қоңырау шалып, жер сілкінісі кезінде не істеу керектігін сұрайтындардың саны артқан. Ең басты мазалайтын сұрақ: қалада қандай ғимараттар қауіпсіз?
Ералы Шоқпаров, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ өндіріс бойынша басқарушы директоры:
- Алматы қаласында Кеңес Одағы дәуірінде барлық үйлер типтік үйлер болған. Көпқабатты панель үйлер деп айтамыз ғой. Соның бәрін кезінде біздің институт мамандарымен вибродинамикалық тексерістен өткен үйлер – бұлардың бәрі. Сондықтан ол үйлер сейсмикаға төзімді. Алматы қаласында салынған, салынып жатқан үйлердің бәрі – монолиттік үйлер. Олар сейсмикаға төзімді.
Алматыда ғимараттардың сейсмотұрақтылығын тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. 2017-2018 жылдары 10525 нысан паспортизациядан өтті. Нәтижесінде олардың 30%-і жер сілкінісіне төзімсіз екені анықталған. Олардың қатарында тұрғын үйлер мен балабақша, мектеп, ауруханалар секілді әлеуметтік нысандар бар. Қазіргі уақытта әлсіз ғимараттардың беріктігін күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал ғимараттардың сейсмотұрақтылығын тексеру биылғы жылдың желтоқсан айында аяқталады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон, Сұлтан Бейсекенов.