Қызылорда облысында құнды құжаттар таныстырылды

Қызылорда облысында құнды құжаттар таныстырылды

Бүгінгі Алғыс айту күні Қызылорда өңірінде ерекше атылып өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Солтүстік Кавказ халықтарының Қазақстанға депортацияланғанына биыл 80 жыл. Қызылордада Алғыс айту күніне орай өткен шара кезінде бұл датаның тарихы туралы айтылып, зұлмат жылдардан сыр шертетін құнды құжаттар таныстырылды.

Соғыс жылдары 30 мыңнан аса түрлі этнос өкілі Ақмешіт атырабына жер аударылған. Алғыс айту күніне орай Достық үйінде ұйымдастырылған шараның басты нышаны тұмар, құрт және қоржын болуының да мән-маңызы бар. Бұл туралы шешен этносының өкілі Лайла Пашаева да жақсы біледі.

Лайла Пашаева, Шешен этномәдени бірлестігі жетекшісінің орынбасары:

- Менің әкем жеті бауыры және анасымен бірге 1944 жылы Қызылорда өңіріне жер аударылған. Бұл оқиғаны менің әкем айтып берген. Сым қоршаудың арғы жағынан ауыл тұрғындары қатты, ақ түсті түйіршік тастармен шөкелеген екен. Оны әуелгіде ешқайсысы түсінбепті. Кейін тас емес, құрт екенін біліп, соны талғажау етіп, талай адам аман қалды емес пе? Мұндай оқиғаларды жастарға тереңірек түсіндіру қажет.

Солтүстік Кавказ халықтарының Қазақстанға депортацияланғанына биыл 80 жыл. Айтулы датаға орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Басқосуға ғалымдар, саясаттанушылар, саяси қуғын-сүргін көрген жандардың ұрпақтары қатысты. Сонымен қатар құнды архив құжаттары да жұртшылық назарына ұсынылды.

Аманкүл Қапанова, археограф:

- Соның ішінде Солтүстік Кавказдан жер аударылған шешен халқына мал бөлу туралы шешімді дерек ретінде айта аламыз архив қоры құжаттарында. Оның ішінде 8 ауданға орналастырған. 2 мың 300-ден аса мал басы бөлініп, аудандар бойынша орналастырған.

Дәулет Омаров, философия ғылымдарының докторы:

- 1944 жылы қараша айында Солтүстік Кавказдан Грузиядағы түрік халқы өкілдері көшіріп әкелінді, 110 мыңға жуық түрік халқының өкілі Қазақстан және Өзбекстанға көшіріп әкелінді. Олар өздерінің талайлы тарихы осы жақтан тапқан Сыр бойындағы бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүріп, өңіріміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына өздерінің үлесін қосып келе жатыр.

Алғыс айту күніне орай өңірде «Қоржын» қайырымдылық акциясы басталды. Оның аясында бірнеше отбасыға қаржылай сертификат үлестірілді. Бұл шара жыл бойы жалғасын табады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.