Алматы облысында жол апаты жиілеп барады
Алматы облысының автожолдарында жыл басынан бері 171 жол-көлік оқиғасы болып, 31 адам қаза тапты, деп хабарлайды 24KZ.
213 тұрғын түрлі дәрежедегі дене жарақатын алды. Өкінішке қарай, жол апатынан жапа шеккендердің 21-і – кәмелетке толмаған балалар. Жүргізушілер арасында ішімдік ішіп көлік тізгіндеу, жылдамдықты шамадан тыс арттыру, жолдың қарсы бетіне шығып кету сияқты заңсыздықтар азаймай тұр.
Қонаев қаласының көшелеріне 53 «Сергек» камерасы орнатылған. Күн сайын 7 автопатруль маршрутқа шығады. Облыс орталығында соңғы екі айдың ішінде жол жүру ережесін бұзғандарға 2 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
Мұрат Қалиасқаров, Облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:
- Жол-патрульдік полиция қызметкерлерімен 24815 әкімшілік хаттама толтырылды. Атап айтсақ, оның ішінде 130 адам мас күйінде автокөлігін басқарғаны үшін, жаяу жүргіншілер және басқа да жол қозғалысына қатысушылардың жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 2770 хаттама толтырылды. Алматы облысының Полиция департаменті сіздерден жолдарда өте мұқият болуды сұрайды.