Мамандар: Алматы облысы мен Қонаев қаласында жағдай тұрақты
Қонаев қаласында жер сілкінісінен кейін оқушылар мен балабақшадағы бүлдіршіндер шұғыл түрде эвакуацияланды, деп хабарлайды 24KZ.
Ата-аналар балаларын, білім беру мекемелерінен алып кетуге мәжбүр болды. Себебі 4 баллдық дүмпу облыс орталығында қатты сезілді.
Қонаев қаласындағы мына жеке балабақшаға 200-ге жуық бала барады. Тәрбиешілері мен мекеме меңгерушісі дүмпуді сезген бойда балаларды қауіпсіз жерге шығарып үлгерді. Себебі облыстық, қалалық білім бөлімі «жағдай тұрақты, мектеп, балабақшалар мен мемлекеттік мекемелер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр», – деді.
Эрна Ким, балабақша меңгерушісі:
- Ересек балалар тобын көшеден өтіп, ашық алаңға шығардық. Бүлдіршіндеріміз балабақша ауласындағы қауіпсіз жерде ойнап жүр. Біздің мекемеде 178 бала бар. Ата-аналар балаларын жаппай алып кетіп жатыр дегенмен мен келіспеймін. Олар – балабақшада күніне екі-ақ сағат болатын жаңадан келген балалар.
Бірақ жұрт бәрібір алаңдаулы. Мұндай жағдай өңірде бірнеше рет қайталанды. Сондықтан тұрғындар қаладағы саябақтар мен көл жағалауында жүр.
Мейрамгүл Уәлиева, қала тұрғыны:
- Жаңа үйде отырған едік, қатты жер сілкінісі болды. ХҚКО-ға барайық деп жатқанбыз. Содан кішкене тосып, басылғаннан кейін ХҚКО-ға бардық. ХҚКО-ға барсақ, қызметкерлердің, адамдардың бәрі далада жүр екен. Біз барған кезде қайтадан ішке кірді. Енді қорқып отырмыз. Мінеки, далаға шығып кеттік, мына жақта паркте жүрміз енді. Көл жаққа бара жатырмыз тосайық деп.
Асқар Тойшыбеков, Алматы облыстық ТЖД бастығы:
- Азаматтарды ақпараттандыру үшін сөйлеу құрылғылары іске қосылып, «Дәрмен» қосымшасы арқылы шұғыл SMS-хабарламалар жолданды. Құрметті Алматы облысының тұрғындары мен қонақтары дүрбелеңге түспей, алгоритмге сәйкес әрекет етуді сұраймыз.
Алматы облысы мен Қонаев қаласындағы жағдай тұрақты. Тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ, – дейді мамандар.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөңкешов.