ШҚО-дағы қыран баптаған қазақ қызы
Қыран бүркіт не алмайды салса баптап?!
Шығыс Қазақстан облысы Бозанбай ауылының кішкентай тұрғыны Айзере бүркіт баптап, аңға салады. Сегізінші сынып оқушысы өңірдің мақтанышына айналды. Қаршадай қыз 8 жасында құзға өрмелеп, ұядағы балапанды өз қолымен алыпты. Қазір құсбегілік өнерді барынша дәріптеп жүр.
14 жастағы Айзере қолы қалт етсе тауға асығады. Әкесімен бірге, қыран құс қолына қондырып, құмай тазысын ертіп, аңшылықтың қызығына түседі. Құсбегілер әулетінен шыққан қыз үшін бұл қалыпты дүние болса керек. Мына бүркітін Мұзбалақ деп атапты. Балапан кезінде ұядан өзі алған.
Айзере Марксқызы, бүркітші:
- Мұзбалақ көбінесе түлкіні алады, анда санда қоян жолықса қоянға да түсіреміз. Мұзбалақтың жел болса да қарамай, аңға түскенін айта алам,сонымен мақтана алам.
Басындағы тымағы Мұзбалақ алған түлкінің терісінен тігілген. Айтуынша құстың тырнағына іліккен аңды осылай, іске жарату керек, әйтпесе обал болады.
«Мұзбалағым қасқыр алуға да қауқарлы», - дейді Айзере. Сондықтан күтіміне ерекше мән береді. Жыртқыш құс та Айзерені дауысынан таниды.
Айзере Марксқызы, бүркітші:
- Шиқылдап дауысыма шақырып отырады,сол кезде өзім де сезем енді,жақсы көріп былай бар тәнімен белгілі жақсы көретіні ауырып отырса көңіл күйі жоқ болған сияқты боп сезілед өзіме,түкке зауқы болмайды,аңға шыққанда қумайды аңды.
Бүркіт кірпияз, тәкаппар құс. Тазалықты сүйеді. Тәбеті күшті. Қазір аңға салып жүргендіктен, шамалап қана жемдеп отыр.
Маркс Нажитпан, Айзеренің әкесі:
- Бүркіт ұстаған оңай әкеп байлап қояды жемін береді, алып шығады. Оның жаңағы бабы күтімі, қыстайғы жемі, ең аз жемдегенде 200-300 гр етті алайық бір күн жейтіні, 360 күнге есептесеңіз орта есеппен екі сиырдың етін жеп қоятындай деңгейде, күнделікті беріп отырсаң.
Айзеренің анасы он саусағынан өнер тамған ісмер. Ол бүркітші қызымның ине ұстауға ебі жоқ, соған алаңдайм дейді. Дегенмен үнемі қолдау көрсетеді.
Шәкерман Ошан Айзеренің анасы:
- Мен оған бірінші киімін жылы киіп жүруге екіншіден, тамағы тоқ жүрсе ары қарай ол тоңып та кетпейді, суықққа төзімділік бар. Оны ер адамдарды қалай шығарып салып, ас суын киім-кешегін жылылаймын, оны да солай қолдап отырам.
Айзере білімге құштар,сыныпта сыйлы. Басты арманы құсбегілікті насихаттау. Айтпақшы, бүркіті биыл 6 жасқа толады. Бұл - оны еркіндікке жіберетін кез таяды дегенді білдіреді. Әзірге Айзереге ауыр тиіп жүргені де осы. Мұзбалағын қимайды.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов